Алматы бизнесіне келтірілген залалды өтеу туралы шешім 5 күн ішінде қабылданады. Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында зардап шеккен кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап бере отырып хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Спикер полиция өкілдерінен тіркеу талонын алған, бірақ растайтын құжаттары жоқ кәсіпкерлерге келтірілген залалдың мөлшерін бағалайтын аудандық комиссияға жүгіну қажет екенін атап өтті.
«Залалды бағалауды құрамына тәуелсіз бағалаушылар, аудиторлық компаниялар, «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасы және т.б. кіретін аудандық жұмыс комиссиялары жүргізеді», - деп нақтылады әкім орынбасары.
Оның айтуынша, өтінішті қарау және шешім қабылдауды өңірлік комиссия бес күн ішінде жүзеге асырады. Осыдан кейін өтеу үшін шешім жобасы әзірленеді және ақша қаражаты үш күн ішінде өтініш берушінің ағымдағы немесе Жинақ шотына аударылады.
Бекітілген тетікке сәйкес келтірілген залалды өтеу жергілікті атқарушы органдардың немесе зардап шеккен бизнесті қолдау қорының «Күш бірлікте» қаражатынан жүргізілетін болады.
Ілияс Өсеров көлік, экспедициялық және осыған ұқсас қызметтерді көрсететін компаниялар автокөлік ұрланған немесе бүлінген жағдайда аумақтық полиция бөлімшесіне жүгінуі керек екенін айтты.