Алматының Наурызбай ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1200 орындық жаңа оқу ордасы қолданысқа беріледі. Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ жыл соңына дейін ұлттық жоба шеңберінде 6 700 орындық тағы 4 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Ал келер жылдың ақпан айында Шұғыла шағынауданындағы №174 білім ошағаның 375 орынға шақталған қосымша ғимаратының құрылысы аяқталады. Қала әкімі мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– 2024 жылдың қыркүйегінде Шұғыла шағынауданында 320 орындық балабақшаны пайдалануға беру жоспарлануда. Осы жылдың соңына дейін Құрамыс және Шұғыла шағынаудандарында 640 орындық 2 жаңа балабақшаның құрылысын аяқтаймыз. 2024 жылдың 4-тоқсанында Қалқаман және Шұғыла шағынаудандарында 560 орындық 2 балабақша салынады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Ерболат Досаев сапалы медициналық қызмет көрсету үшін Құрамыс пен Шұғылада күніне 500 адам қабылдай алатын 2 жаңа емхананың және Ақжарда 1 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталғанын айтты. Аудан тұрғындары үшін дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынатынын жеткізді. Оның алғашқысы Шұғылада бой көтереді. Құрылыс-монтаж жұмыстары келер жылдың 1-тоқсанында басталады деп жоспарланған.
– Ақжар шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарлануда. Осы жылдың соңына дейін сумен жабдықтау мен кәріздің резервтік магистральдық желілерін салу бойынша жұмыстар жүргізіп, 2025 жылдың 1-тоқсанында дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастаймыз, 2025 жылы маусымда аяқталады. Құжаттарды алғаннан кейін жұмыс басталады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Оқи отырыңыз: Наурызбай ауданында жаңа жаяу жүргіншілер аймағы салынады