Алматыда тағы бір заманауи спорт алаңы пайдалануға берілмек

Almaty.tv
Almaty.tv
Төле би мен Гали Орманов көшелерің қиылысында орналасқан нысан көпірдің астына салынған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тағы бір заманауи спорт алаңы пайдалануға берілмек. Оған тапсырыс жасаған аудандық әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл нысанның елімізде баламасы жоқ. Алаңның тағы бір ерекшелігі - жоба жергілікті тұрғындардың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Төле би мен Гали Орманов көшелерің қиылысында орналасқан нысан көпірдің астына салынған. Онда скейтпарк, баскетбол ойнайтын орын, паркур және жаттығу алаңы бар. Оған қоса бұл жерде көлік тұрағы мен демалыс орындықтары да қарастырылған. Жақын арада волейбол ойнайтын орын салу да жоспарланып отыр.

«Бұған дейін бұл жерде машиналар тұратын, ештеңе болмаған. Автотұрақ ретінде қолданылған. Осы жерді мердігер ұйым болып алдық. Сөйтіп, екі айдың көлемінде осыларды жасап шықтық», – деді мердігер компания басшысы Алмас Бөлешұлы.

Жаңа спорт нысанының аумағы 8 мың шаршы метр. Алаңның өзгелерден ерекшелігі - көпірді тіреп тұрған 45 бағана заманауи бағытта және қазақи нақыштағы суреттермен безендірілген. Сонымен қатар, заманауи жарық нүктелері орнатылып, алаңда түнде де спортпен шұғылданып, серуендеуге болады.

«Әкімдік ұйымдастыруының арқасында Медеу ауданында осындай керемет туындылар туылды. Бұл жерде мен жалғыз сушетші емеспін, бірнеше суретші бірігіп істедік. Осы суреттер өзімізге куаныш алып келді. Өйткені қаламыздың көркейуіне үлес қосылып жатыр және осындай жобалар көбейе берсін», – деді суретші Ділмұрат Әбдімұтан.

Әзірше баламасы жоқ бұл жоба «Бюджетке қатысу» бағдарламасының аясында іске қосылмақ. Оған қазынадан 24 миллион  тенге бөлінді.

«Аталған жоба аудан тұрғындарының өтінішіне байланысты былтырғы жылы жоба ұсынылған, соны биыл  іске асырып  отырмыз», – деді Медеу аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Есбол Күребай.

Дәл қазір мен тұрған жер бұрын автокөлік тұрағы болатын. Қазіргі таңда жастарды салауатты өмір салтына баулитын спорт алаңдары салынған. Жасөспірімдер мен жергілікті қала тұрғындары үшін таптырмас демалыс орнына айналатын бұл алаң тамыз айының соңында қолданысқа берілмек.

Сая Есімхан, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров