Наурызнама: Алматыда ұлттық спорт түрінен фестиваль өтіп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жібек жолы және Панфилов көшелерінің бойында өтетін сайысқа кез келген жан қатыса алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тіршілік жаңарып, ақ молаятын Әз-Наурызда Алматының Жібек жолы және Панфилов көшелерінің бойында мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылды. Арбат алаңында сондай-ақ оқ бойы озып шыққан 300-ге жуық оқушы спорттық фестивальде бақ сынап, додаға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оңтүстік Астананың бұл бөлігінде де Ұлыстың ұлы күнін тойлауға келгендердің қарасы қалың. Ауа райы құбылып тұрғанына қарамастан көптің көңілі көтеріңкі. Жан жақты қоршай киіз үйлер мен қолөнершілер, саудагерлер шатырлары орналасқан. Соның бірі – қолөнер шебері Ұлжан Мұзартбек.

– Көңіл-күй керемет. Жаңбыр жауып жатса да, халықтың қарасы көп. Баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын, – деді қолөнер шебері Ұлжан Мұзартбек.

Түрлі-түске боялып, ерекше күйге бөленген Арбатта қолөнершілер мен шеберлердің шатырлары қойылған. Ағылып келген жұрт әшекей бұйымдар, киім-кешек, көрпе-төсек сынды ұлттық нақышта безендірілген дүниелерді таба алады. Одан бөлек көше бойында ойындар ойнатылып, мықтылар өзара жарысты. Фестиваль аясында 7 мың қатысушының арасынан іріктелген 300-ге жуық оқушы ұлттық ойындардан спорттық сайысқа түсті.

– Бесасық, асық ату, тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан фестивалді төрешілер алқасы бақылап отыр. Жарысқа 22-23 наурызда кез келген адам қатыса алады, – деді Білім басқармасы қалалық Дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибе орталығының директоры Бақтияр Елемесов

Бүгінгі сайыс жеңімпаздары үшін арнайы сыйлықтар да қарастырылған. Ал мейрамды тойлата келгендерге арнайы фотоаймақтар ұйымдастырылыпты. Көшенің әр бұрышында ән-күй ойнап, шашу шашқан жастарды көруге болады. Тұрғындар мен қала қонақтары көздің жауын алатын ою-өрнек бейнеленген, ұлттық атрибуттары бар киім киіп, көздің жауын алды.

– Алматыға бала-шағамызбен Наурыз мейрамын тойлауға келдік. Өте қуаныштымыз. Халық өте көп. Балаларымызбен келіп қуанып жатырмыз. Наурыз құтты болсын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деді қала қонағы Айзада Жайлауханқызы.

– Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жаңа жыл қазақ еліне құт-береке алып келсін! – деді қала тұрғыны Берікхан Әділбек.

Әз-Наурызды тойлап жүргендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары да бәрін қатаң бақылауға алған. Мерекелік іс-шара алдағы күндері жалғасын табады.

Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Наурызнама: Астана алаңында эстрада жұлдыздары өнер көрсетуде







Новости партнеров