«Алматы жастары» бағдарламасына бір күннің ішінде 3 мыңға жуық өтінім түскен. Айта кетейік, құжат қабылдау бүгін басталды. Осылайша 35 жасқа дейінгі мың маманды баспанамен қамту көзделіп отыр. Бағдарламадағы биылғы ерекшелік қандай? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.
«Алматы жастарына» қатысушылардың тізімі кеңейтілді. Бұрын 7 саладағы қызметкерлер өтінім берсе, оған құқық қорғау өкілдерінің мамандары да қосылды. Енді осы сегіз салада істейтін барлық штаттағы қызметкерлердің қатысуына мүмкіндік бар. Одан бөлек, бұған дейін өтінім берушінің шығармашылық бағытта жұмыс істеуіне талап қойылатын. Енді бұл да алынып тасталды. Егер қатысушы техникалық қызметкер болса да, өтініш беріп баспаналы болуына мүмкіндік бар.
«Осы бағдарламаға қатысу үшін тұрмыс құрған немесе үйленген азаматтар неке қию туралы куәлігі қажет. Жылжымайтын мүлік туралы анықтама және жұмыс істейтіні жөнінде анықтама керек. Мұның бәрі сканирленген нұсқада болу керек. Өтініштердің көп түсуіне байланысты уақытша техникалық ақаулар болуы мүмкін. IT мамандарымен күнделікті хабарласып отырмыз. Туындаған қиындықтарды дер кезінде реттеп отырамыз. Ол біздің бақылауымызда», – деді қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Сіздің онлайн тапсырған өтінішіңізді қала әкімдігі қарап, саралап, мақұлдағаннан кейін, осындай жолдама береді. Осы жолдаманы және жеке куәлігіңізді алып, «Отбасыны банкіне» келесіз. Мұндағы талаптар қандай? Мамандардан сұрап көрейік.
«Биылғы жылғы тағы да бір өзгерісі бар: ол тұрғын үйді іздеу уақыты. Былтыр 60 күнтізбеклік уақыты берілген болатын. Биыл ол 45 күнге қысқартылды. Сондықтан өтінім берушілерге айтарымыз: өздеріне ұнайтын үйлерін қазірден бастап қарап, бақылап жүруін сұраймыз», – деді қалалық «Отбасы банкі» филиалы директорының орынбасары Данагүл Түсіпова.
Одан бөлек, сатып алатын үйдің құнына шек жоқ. Өтініш берушіге мемлекет бекіткен шекті баға 18 млн-ға тұрғын үй алу міндетті емес. Үйді еркіңізге қарай, одан төмен бағада сатып алсаңыз да болады.
«Биылғы шыққан зейнетақы төлемдерін қажетті сомадан жоғары алу мүмкіндігі туындап жатыр ғой, Қазақстан азаматтарына. Осындай сомасы бар болатын болса, қатысушымызда зейнетақы шотындағы алғашқы жарна ретінде қолдануға болады. Яғни, алғашқы жарнамыз 1 млн, 800 мың деп отырсақ, сол ақшаны зейнатақы қорынан алса болады, егер артық ақшасы болған жағдайда», – деді қалалық «Отбасы банкі» филиалы директорының орынбасары Данагүл Түсіпова.
Айта кетейік, бағдарламаға өтініш беру 31 наурызға дейін жалғасады. Ол үшін almaty-jastary.kz сайтына кіріп, көрсетілген құжаттарды онлайн өткізу қажет.
Ұлағат Арғын, Нұрбол Әбдікәрімов, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы