Үкімет басшысы Алматы агломерациясын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Жиында мемлекет басшысының наурызда өткен Алматының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте қаралған мәселелердің орындалу барысы пысықталды. Яғни, бірыңғай көлік жүйесін құру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау, инвестиция тарту сияқты түрлі жоба талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалпы агломерацияны дамыту аясында 2030 жылға дейін 108 іс-шара орындалмақ. Осы ретте цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарашаға дейін сандық технологияларды дамыту үшін шаралар қабылдау тапсырылды.
Сондай-ақ, Премьер-Министр 20 тамызға дейін «Үлкен Алматының» төрт пилоттық жобасын іске асыруды да міндеттеді. Олар: экологиялық проблемаларды шешу, бірыңғай көлік моделін және даму стратегиясын әзірлеу, мониторинг пен төтенше жағдайдың алдын алудың кешенді жүйесін дайындау жұмыстарын пысықтау. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 20-сыншы қазанға дейін агломерацияда бірыңғай көлік моделін әзірлеу міндеті қойылды. }Бұдан бөлек Асқар Маминнің төрағалығымен Еуразиялық даму банкі кеңесінің отырысы да өтті. Маңызды жиында банктің 2022-2026 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілді. Енді Еуразиялық даму банкі трансшекаралық инвестициялық жобаларды іске асыруға назар аударады. Халықаралық қаржы ұйымы «Еуропа-Батыс Қытай» көлік-цифрлық дәлізін, Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше елдер арасында бірыңғай тауар өткізу желісін және су-энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға көп күш жұмсайтын болады. Сонымен қатар «жасыл экономиканы» дамытуға ерекше көңіл бөліп, энергия көздері саласындағы жобаларды қаржыландырады.