Ресейден келген гуманитарлық көмек Алматының әлеуметтік нысандарына жеткізілді. Көрші елден жеткізілген қорғаныс құралдары алғаш болып қаладағы ардагерлер мен балалар үйі және интернеттарға тапсырылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қайырымдылық акциясын өткізуде қалалық Jas Otan қалалық жастар қанатының еріктілері белсенділік танытты. Еске салайық, Ресейдің мемлекеттік емес ұйым өкілдері Қазақстанға 34 мың медициналық маска, қолғап және антисептик жіберген болатын.
Күні кеше Алматыға Ресейден келген гумманитарлық жүк қабылданды. Жалпы көлемі 17 қорап. Онда 34 мың бетперде, 2 мың медициналық қолғап және мыңнан астам антисептик құралдары бар. Қаладағы еріктілер таң сәріден бастап, белсенді жұмысқа кірісті. Мақсат – оларды әлеуметтік нысандарға жеткізу.
«Бүгін біз Алматы қаласындағы жетімдер үйіне, қарттар үйіне одан бөлек, қажет етіп отырған медициналық мекемелерге, сонымен бірге, еріктілер ұйымына да осы көмекті жеткізетін боламыз. Ол жобаның өзі волонтерлік корпус жобасы аясында қалалық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асып жатыр», – деді қалалық Jas otan жастар қанатының жетекшісі Мәди Ахметов.
Еріктілер аялдаған бірінші нысан – қалалық №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Мұнда мың маска мен 300 қолғап жеткізілді. Бұл мекемеге қаланың еріктілері жасап отырған алғашқы жақсылығы емес. Елде пандемия басталғалы әр кез көмек көрсетіп келеді екен.
«Балалар үйі атынан еріктілерге зор алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі уақытта мұндай қорғаныс құралдары біз үшін өте қажет. Бүгінде орталықта балалардың санитарлық талаптарды сақтау үшін барлық құрал жеткілікті», – деді қалалық №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұйымдастырушысы Назира Жүсіпбекова.
Игі шараға қаланың 20 еріктісі тартылған. Ерікті болу-ерлік деп санайтын оларда бір ғана мақсат бар. Біз үшін балалар мен қарттарға сын сағатта жанашырлық таныту маңызды дейді.
«Ең бастысы осындай қиын жағдайда біздің қолдауымыз көмегіміз, қандай да болсын біздің балаларға деген қамқорлығымыз, көңіліміздің ақтығы», – деді қалалық Jas otan жастар қанатының еріктісі Диана Амангелді.
Шара еліміз бойынша 9 шілде күні басталды. Ресейдің мемлекеттік емес ұйым өкілдерінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан жоба басқа да өңірлерде іске асуда. Бұған дейін гуманитарлық жүк Көкшетау, Қостанай, және Нұр-Сұлтан қалаларына да жеткізілген.