Бостандық ауданындағы түйіткілді мәселелер - қала әкімі тұрғындармен кездесті

15.04.2022 02:05

500 адамға арналған емхананың құрылысы салынады

Almaty.tv

Алматы мектептеріндегі орын тапшылығы 19 мыңнан асқан. Оның 3300-і Бостандық ауданына тиесілі. Түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін бүгін қала әкімі Ерболат Досаев аталған ауданның тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аумақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын назарға алған шаһар басшысы арыз-шағым мен талап-тілекті де тыңдады. Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуде әкімнің әуелгі тоқталған мәселесі мектеп пен балабақшадағы орын тапшылығы болды. Бір ауданның өзінде 3 мыңнан астам оқушыға мектепте орын жетпейді. Одан бөлек, балабақша кезегіне тұрған 2400 адам тағы бар. Шаһар басшысы аталған мәселені шешу жолын айтты. Мәселен, жаңа құрылыс салу үшін бос жер телімі жоқ болғандықтан, аудандағы мектептердің аумағы кеңейтілмек. Одан бөлек, жекеменшіктегі жер телімдерін сатып алу да жоспарда бар.

«Әкімдік қазіргі 1320 орындық мектептерде 5 қосымша құрылыс салуда. Оның ішінде осы жылдың соңына дейін 1020 орындық 4 мектеп кеңейтілімі пайдалануға беріледі.  № 65 мектепке 300 орынға кеңейтіліп, 2023 жылдың соңына дейін беріледі», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Аудандағы айрықша назар аударуды талап ететін тағы бір мәселе - тұрғын үй құрылысының қарқыны. Бұл ретте әкімнің тапсырмасы аясында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын тұрғызу міндетті деп танылып отыр. Әрі құрылыс тәсілдері қайта қаралды. Бұл өз кезегінде тапсырысты орындаушы тарапқа деген талапты күшейтеді. Нәтижесінде, кез келген тұрғызылып жатқан нысанда ауытқушылық болмайды.

«Құрылыс мәселелерін жүйелі түрде шешу үшін мамыр айында жаңа регламент ұсынылады. Абай даңғылының оңтүстігі мен Шығыс айналма жолынан Ясауи көшесіне дейін 9 қабаттан биік ғимарат салу шектеледі. Аталған жобаны қалалық мәслихат бекітеді. Маңыздысы, бұл периметрге барлық Бостандық ауданы кіріп отыр», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Қазіргі таңда Бостандық ауданында мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейтін 28 медициналық ұйым бар. Ал мұндағы 7 жекеменшік емханаға 53 мың 500 тұрғын тіркелген. Одан бөлек, 26 мың адамға қызмет көрсететін 2 отбасылық-дәрігерлік амбулатория тағы бар. Десе де бұл жеткіліксіз. Сондықтан енді  500 адамға арналған емхананың құрылысы үшін жекеменшіктен жер учаскесі сатылып алынбақ. Ал ауданның әлеуетіне көңіл бөлген әкім мүмкіндігі шектеулі адамдар санының өсуіне де алаңдайтынын айтты.

«Жұмыс істейтін мүгедек адамдарды қолдау үшін біз жылдың басынан жұмыс істейтін мүгедектер үшін әлеуметтік жұмыс орындарын субсидиялау көлемін63 мыңнан 92 мың теңгеге дейін көбейттік, осы мақсаттарға 405 млн теңге бөлдік», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

«Лайықты өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау - әкім мен әкімдіктің негізгі міндеті» деген шаһар басшысы кездесуге келген тұрғындар сауалына да жауап берді. Осы арқылы екіжақты байланыс нығайып, жұмыс қарқыны да арта түспек.

Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы