Open Space: Алматы қаласы Медеу ауданы әкімдігі жанынан жаңа кеңсе ашылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жергілікті халықтың мәселесін шешуде ашық алаңның қандай тиімділігі бар?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді тұрғындар үшін мемлекеттік қызметтерді алу жедел, барынша жеңілдетілген және ыңғайлы болады. Бүгін Алматы қаласы Медеу ауданы әкімдігі жанынан Open Space үлгісіндегі жаңа кеңсе ашылды. Жергілікті халықтың мәселесін шешуде ашық алаңның өзге қандай тиімділігі бар? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.

Әдетте, тұрғындар мемлекеттік органдардың жабықтығына, шенеуніктердің өтініштерді ұзақ қарауына, ведомство басшыларымен өзара іс-қимылдың болмауы мен жеке кездесулердің мүмкін еместігіне көп шағымданады. Осы мәселені шешу үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бүгін Медеу ауданы әкімдігінде Open Space кеңсесі ашылды. Бұл қаладағы 7-ашық алаң және негізгі мақсаты – билік пен қоғамның арасында тұрақты диалог орнату.

«Халық келіп ғимараттан ғимаратқа жүгіріп жүрсе, ана жақтан барып бір анықтама алып кел, мына жақтан барып бір анықтама алып келу керек деп, ол халық әбден шаршайды. Халық өзінің құқығын дұрыс білмейді. Әй қойшы, осы жерден төлей салайын, мына жерден бере салайын деген әңгіме туындамайды. Кіреді де, шешіп алады да мәселесін, мәз-мейрам болып кетеді. Сол үшін естуші әлеуметтік мемлекет құру үшін биліктің бетін халыққа қаратып жатырмыз», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Нығметжан Сапаров.

Бастамашылар мұндай формат тұрғындардың «бір терезе» қағидаты бойынша түрлі қызмет салаларында, түрлі инстанцияларда бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік алатынын түсіндірді. Сонымен қатар, Медеу ауданында тұратын шетелдік азаматтар үшін де мәселе оңай шешіледі. Ашылу рәсіміне келген Филиппиндік азаматшаның «сотталмаған» деген құжатты жылдам алуына қызметкерлердің жәрдемі  жобаның тиімді екенін көрсетеді.

«Біз шетелдік азамат болғандықтан жұмыс орнында болсын, көшеде кетіп бара жатқанда болсын, түрлі құжаттар талап етіледі. Ал, анықтамаларды тезірек алу қиындық туғызады. Бүгін Медеу ауданы әкімдігінде «ашық алаңның» ашылатынын естіп, көмекке келдік. Бар-жоғы 15 минут ішінде бізге қажетті анықтаманы шығарып берді», – деді филиппин азаматы Айви Сабалия.

Сондай-ақ, аудан тұрғындарына абаттандыру, әлеуметтік сала, коммуналдық шаруашылық және құқық секілді 10 бөлімнің мамандары қызмет көрсететін болады. «Ашық әкімдік» 17 тамыздан бастап іске кіріспек. Өтініш қабылданған соң 3 немесе 15 тәулік ішінде жауабы шығады. Ал, жұмыс кестесі аптасына 5 күн, сағат таңғы 09.00-дан кешкі 19.00-ге дейін жалғасатын болады.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы»  арнасы

Новости партнеров