Алматыда КВИ таралуының алдын алу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және қала тұрғындарын вакциналау қарқыны жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Инфекцияның таралу қарқыны бойынша қаланың «қызыл» аймақтан «сарыға» өтуіне қарамастан, шектеулер тағы бір апта бойы сақталады. Мегаполисте әуежайларда, ТЖ және автовокзалдарда, сондай-ақ, оқу орындарында профилактикалық шараларды күшейту жалғасуда.
Көршілес Ресейдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты алматылықтар санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтауды жалғастырып, індетке тосқауыл қою үшін вакциналану қарқынын күшейтулері тиіс.
Ресей мен Еуропа елдерінен келгендер дерттің кезекті өсуіне жол бермеу үшін бақылауға алынады. Бүгін мобильді бригадалар әуежайда, теміржол вокзалдарында және автовокзалдарда кезекшілік етеді. Әуежайда халықаралық ұшып келу залдарында температурасы бар жолаушыларды анықтау үшін 7 стационарлық байланыссыз тепловизор орнатылған, келгендерге сауалнама жүргізіледі. Тағы бір тепловизор ішкі рейстер залында орналасқан. Бұдан өзге, әуежай Ashyq жобасына қатысушы, онда осы жылдың 21 мамырынан бастап «қызыл» мәртебесі бар 257 және «сары» мәртебесі бар 54 адам анықталды.
Б. Сағынтаев жұқтыру динамикасының төмендеуіне қарамастан, санитарлық дәрігерлер мен эпидемиологтардың шектеу шараларын сақтау жөніндегі ұсыныстарына жіті назар аудару керектігін атап өтті. Алматыда КВИ бойынша жағдай оптимистік болжам бойынша дамуда, күн сайын 231-ден 300-ге дейін жұқтыру оқиғасы тіркеледі. Дегенмен, дерттің асқынуы және тағы өсуі мүмкін, өйткені вирус үнемі өзгеруде.
СЭБД мәліметтері бойынша, қала тұрғындары көбінесе сауда объектілерінде коронавирус жұқтырады – 34%, қоғамдық көлікте – 24%, отбасылармен байланыста – 18% және базарларда – 9%.
Шектеу шаралары елдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 7 күн бойы жалғасады. Бәсеңдеу немесе күшейту мәселелері қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың дамуына байланысты қаралатын болады.
Әзірге мониторингтік топтар бұзушылықтарды анықтау жұмыстарын жалғастырады. Мысалы, өткен аптадағы 18-25 қазан аралығында Алматыда күндізгі және түнгі тексерулер барысында карантиндік шектеулерді бұзған 12 кәсіпкерлік нысаны анықталды. 6 заңды және 77 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 47 қоғамдық көлікті тексеру барысында маска режимін бұзғаны үшін 6 адам жауапкершілікке тартылды.
Мектепке дейінгі мекемелерді тексеру жалғасуда, мобильді топтар 189 мемлекеттік балабақша мен 38 мектепке дейінгі ұйымды аралады. Мәселен, №154 балабақшада қызметкерлер арасында маска режимін бұзу анықталды, қашықтық сақталмаған. №№ 25, 48 балабақшаларда макировкалар жасалмаған. № 59 және 148 балабақшаларда бөлмелерді ылғалды жинау және дезинфекциялау жөніндегі талаптар бұзылған.
Тексеру кезінде 7 ЖОО-да санитарлық нормалардың бұзылғаны анықталды, санитайзерлер жетіспеді, рециркуляторлар болмаған. Кейбір жатақханаларда оқшауланған студенттер бөлмелері жоқ. Жекелеген ЖОО-ларда оқушылардың Ashyq жобасы бойынша ішке кіруі бақылауға алынбаған.
Бұзушылар тізімінде – Логистика және көлік академиясы, Қазақ инженерлік-технологиялық университеті, Санкт-Петербург Гуманитарлық кәсіподақтар университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақ спорт және туризм академиясы, UIB Халықаралық бизнес университеті және Каспий университеті бар.
Оның үстіне, Алматыдағы студенттердің жалпы санының 57%-ы вакциналанған. ЖОО оқытушыларының арасында вакциналанғандар – 90%. Эпидемиологтар жастар мен орта жастағы адамдар инфекцияның негізгі тасымалдаушылар деп сендіреді. Олардың айтуынша, 20-39 жас аралығындағы қалалықтардың 31%-дан астамы дертті жиі жұқтырады, ал соңғы екі аптада осы жас тобындағылардың дерті шамамен 4%-ға өскен.
Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны бұрынғысынша жоғары, барлығы 176 727 адам ауырып қалды. Стационарда 1205 адам емделуде. Айта кетерлігі, коронавирусқа қарсы бірінші компонентпен 987 305 алматылық егілді.
Жедел штаб алматылықтарды КВИ-ға қарсы вакцинадан белсенді өтуге тағы да шақырды, өйткені ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастауға және қалыпты өмір салтына оралуға мүмкіндік береді.