Алматыда көлік құрылғыларын өндіретін жаңа цехтың құрылыс жұмысы басталды. Бұл «Астана Моторс» компаниясының құрамындағы Hyundai көлік құрастыру кәсіпорнының техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік бермек. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев көліктерді тек елде сатып қоймай, жақын маңдағы шетелдерге экспорттап отырған зауыттың жұмысымен танысты. Отандық өндіріс жайында Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтады.
Қаладағы ірі жүк көліктерін құрастырып шығаратын «Астана моторс» зауыты 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Аз уақыт ішінде арнайы техниканың 20-дан астам түрін өндіріп, көлік-логистика саласына серпін беріп келеді. Бүгінде заманауи талапқа сай құрастырылған көліктерін Қазақстаннан бөлек, ТМД елдеріне де жіберіп отыр. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпорынға арнайы келіп, зауыттың инвестиялық әлеуетімен танысты. Отандық өндіріс орны алдағы уақытта техникалық құрылымын дамытпақ ниетте.
«Бұдан былай көліктерге қажетті құрылғыларды дәнекерлеу мен бояды өзіміз жасайтын боламыз. Бұған дейін ол қызметтерді шет елден алып келгенбіз. Кәсіпорнымыз жанында цехтың құрылысы басталды. Өзіміз де өндіру бұрынғыдан да арзан әрі сапалы болмақ», – деді Hyundai Trans Kazakhstan коммерциялық техника дистрибуциясының директоры Әділбек Гаев.
Қазір алып компанияда 238 адам тұрақты жұмыс істейді. Цех өз аумағы мен техникалық базасын кеңейтсе, тағы да 100-ден астам адамға жұмыс ұсынбақ. Бұл болашақта жергілікті халық тұрмысының тіктеуіне үлкен ықпал еткелі отыр.
«Айлығымызды уақытылы алып отырамыз. Өзіме ұнайды. Жаңа ленейкада бізде хюндай EX6, EX8, EX9 жаңа ленейкалар шықты. Бұл Хюндай H65 және 78-дің орнына шығып жатқан көліктер», – деді жұмысшы Нағиман Есқара.
Отандық өндіріс орнында жедел-жәрдем, автобустар мен қоқыс шығаратын жүк көліктеріне сұраныс жоғары. Бұдан шыққан арнайы техникалар экологиялық стандарттарға сай, қауіпсіз әрі жайлы құрастырылған.
Бұл көлік Қазақстанда жасалған. Мұндағы мамандар дәл осы жедел-жәрдем көлігін екі жарым күнде толық құрастырып шығады екен. Медициналық көлік заманауи талапқа сай. Ішінде портативті электрокардиограф, дефибриллятормен және кислород аппараты бар.
Одан бөлек, шаһар басшысы қаладағы көпфункционалды автоорталықтың жоспарымен танысты. Ауқымды жобаның инвестициясы 10 млрд теңге. Құлжа тас жолы бойында салынатын көлік базарының құрылысы басталып та кетті. Нысан пайдалануға берілсе, қала тұрғандары машиналарын қазіргідей ашық аспан астында емес, осында келіп саудалайтын болады. Кейіннен қала тұрғындары бір ғимараттың ішінен көлігін рәсімдеп, темір тұлпарына керекті бөлшектерді де осы жерден сатып ала алады.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы