№ 20 мектеп сүріле ме: Алматыда жаңа оқу корпусын салу жоспарланып отыр

16.10.2025 21:07

Жаңа нысанның салынуы тек №20 мектептің ғана емес, маңайдағы №17 білім ордасындағы сынып тапшылығын шешуге сеп болмақ

Алматыдағы № 20 мектеп ұжымы тар сыныптар мен ескі ғимараттың ығында «қысылып» жұмыс істеп келгенін айтып, шағым білдіріп отыр. 1953 жылы салынған екі қабатты оқу ордасында білім алушылар саны соңғы жылдары күрт көбейген Қазір 700 орындық мектепте 1200-ден астам оқушы білім алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір № 20 мектептің екі ауысыммен оқитын балаларына сынып жетіспейді. Ал бастауыш сынып оқушылары дене шынықтыруды орта буынмен бөлісіп өткізуге мәжбүр. Кей сабақтар кітапхана, киім шешетін бөлме мен мәжіліс залдарында өтеді. Мектеп ауласындағы жалғыз спорт алаңы да талапқа сай емес.

«Сапалы білім бере алмай отырмыз. Өйткені сынып бөлмелері жетіспейді. Әр кабинетте бөлінуге керек сабақтар бірге өтеді. Спортзалда бір уақытта 3 сынып сабақ өтуге мәжбүр. Кейде ауызша пәндерді акт залына, библиотекаға өткізетін болып жатыр. Мұғалімдердің келеңсіз жағдайда жұмыс жасап жатыр», – деді № 20 мектептің директоры Гүлнара Сәрсенбаева.

Мәселені шешу үшін № 20 мектеп аумағында 1500 орындық жаңа оқу корпусының құрылысы жоспарланып отыр. Алайда қолданыстағы 1 гектардан асатын жер телімі мұндай көлемдегі мектеп салуға жетпейді.  Жаңа құрылыс нормалары бойынша, мұндай мектепке кемінде 3 гектар жер қажет.

«Бұл ескі мектепте менің 80 жастағы енем оқыған. Ескі, тар. Қазір 2 балам оқиды. Түрлі заманауи мектептер бар, салыстыра отырып, қысылып оқитын балаларға жаным ашиды. Жаңа мектеп болса, үйірмелер ашылып, жаңа кабинеттер болар еді», – деді ата-аналар комитетінің төрайымы Наталья Перепелкина.

Жоба бойынша ескі ғимарат толық сүріліп, 2 жаңа корпус бой көтереді. Сондықтан айналадағы 41 жер учаскесі мемлекеттік мұқтаждық үшін алынбақ. Қазір қалалық жер қатынастары басқармасы 51 меншік иесімен өтемақы төлеу және жерді мемлекетке қайтару бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бірақ тұрғындар бұл шешіммен келіспейтінін жеткізді.

«Біз мектеп құрылысына қарсы емеспіз, бірақ басқа да жолын қарастырса дейміз. Мектептің қазіргі аумағына сыйдыруға болмай ма? Көршілер ұзақ жылдар осында тұрғандықтан көшкісі келмейді», – деді қала тұрғыны Анна Филилеева.

Құрылыстың нақты мерзімі әзірге белгісіз. Қазір әрбір учаскенің жағдайы жеке қаралуда, кейбірі сот арқылы шешілуі мүмкін.

«Далаға шығармайды, барлығы нарықтық бағамен саналады, меншік иелерімен сатып алу шартын жасаймыз, егер келіспеген жағдайда сот мемлекет мұқтажы үшін сатып алады», – деді Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Көлбаев.

Жаңа нысанның салынуы тек №20 мектептің ғана емес, маңайдағы №17 білім ордасындағы сынып тапшылығын шешуге сеп болмақ. Соңғы жылдары бұл аумақтағы тұрғын үйлер саны күрт артқан. Соған сай мектеп жасындағы балалар да жыл сайын көбейіп жатыр. Көрсеткіш бір жылда 30 пайыз өскен.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Үкімет коммуналдық тарифтерді көтеруді 2026 жылдың көктеміне дейін тоқтатты