"Алматы "ӘКК " АҚ және ауыл шаруашылығын субсидиялау қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың төрағалығымен Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша отырыс өтті.
Іс-шараға Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшылығы, қаланың қоғамдық кеңесінің мүшелері және мекеме қызметкерлері қатысты.
Отырыс барысында агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау саласындағы және "Алматы "Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдаудың қорытындылары, сондай-ақ ұсынымдардың орындалу барысы айтылды.
Отырысты ашқан Әлішер Әбдіқадыров мемлекеттік қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жұмысты күшейтуге шақырды.
"Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған нақты шараларды қабылдауы керек. Сыбайлас жемқорлыққа тек үйлестірілген әрекетпен қарсы тұруға болады", - деп хабарлады әкімнің орынбасары.
Қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының басшысы Асхат Оразханның айтуынша, аталған іс-шараның мақсаты басқарманың алдағы қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдау болып табылады.
Сондай-ақ отырыста Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Алтынай Көбеева көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына бағалау жүргізу үшін қоғамдық кеңестің әлеуетін пайдалануды ұсынды.
Отырыс қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді.