Алматыда «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында биыл 231 жоба іске қосылды. Соның негізінде 10 мың қала тұрғыны еңбекпен қамтылып, қосымша тағы жұмыс орындары құрылмақ. Сондай-ақ, отандық өнімдерді қолдау бойынша Қазақстандық қамту үлесі 90%-ды құрап, жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
Биыл шағын және орта бизнесті дамыту ісі мемлекеттің ерекше назарында. Әсіресе, отандық өнімдерді шығаратын Қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде 96,7 миллиард қаржы бөлінді. Мәселен, еліміздегі көпірлердің 70 пайызын салуға қажетті өнім жасайтын өңірлік зауытқа мемлекеттен 50 пайыз субсидия қарастырылған. Соның арқасында бұл зауытта жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік туды.
«Осы төрт айда біз 30 жұмыс орнын құрып, жаңа цех ашайын деп жатырмыз. Оған қажетті жабдықтар сатып алынды. Алдағы 2 аптада жұмысына кірісетін бұл арматуралық цехте тағы 40 қосымша жұмыс орны пайда болады. Жалпы айтқанда шамамен 70 адамды жұмыспен қамтымақпыз», – деді Алматы көпір құрылымдары зауытының бас директоры Шухрад Шардинов.
Қазір бұл зауытта 10 цех пен қосалқы өндіріс ошақтары 500-ден аса маманды жұмыспен қамтып отыр. Қаладағы құрылыс жұмыстарына қажетті материалды өндіретін кәсіпорында арматура мен дайын көпірлер шығарылып, Ресейге де экспортталады.
Отандық өнімдерді өндіретін бұл зауыттың мына цехында қаланы көріктендіруде пайдаланылатын бордюрлер жасалуда. Жаңа технологиялық аппараттың ішіндегі қалыпқа цемент материалы құйылып, оны кейін арнайы көлікпен тиеп, кептіру бөлмесіне апарады. Осылай бұл зауыт күнделікті бір шақырымға шақтап, 2 мың дана бордюрді өндіруде.
Сондай-ақ, шаһар жолдарына төселетін асфальтті өндіретін өңірлік зауыт та «Бизнестің жол картасы» аясында кәсібін дөңгелетуде. Нарықта 50 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан бұл зауыт қала мен облыстағы мердігер компаниялардың 75 пайызын отандық өніммен қамтамасыз етіп жатыр. Осының негізінде мегаполисте көріктендіру жұмыстары қарқынды жүзеге асып, тұрғындар еңбекпен қамтылды.
«Бұл негізі өзіміздің отандық өндірушілерді қолдау мақсатында істеліп отыр. Бүгінгі таңда 234 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның шеңберінде 1078 келісімшартқа қол қойылған. Сондай-ақ, барлық аудандарда осындай ірі-ірі жұмыстар жүзеге асып жатыр», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Ерлан Омаров.
Жалпы биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» аясында іске асқан жобаларға 12 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Ал оның дұрыс игерілуін қадағалау үшін, нысандарда үнемі мониторинг жүргізіледі.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы