Алматыда өзен арналары мен арық желілерін тазалау жұмыстары басталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Су басу қаупінің алдын алу жұмыстарына 247 адам мен 67 бірлік техника тартылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының барлық сегіз ауданында өзен арналары мен арық желілерін тазалау бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Су басу қаупінің алдын алу үшін төтеншеліктер мен полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылып, берілген тапсырманы соңына дейін атқарып шықты. Айта кетсек, бұл жұмысқа 247 адам мен 67 бірлік техника тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

     

Су басу қаупі жоғарылаған уақытта оны алдын алу іс-шаралары күнделікті ұйымдастырылады. Мысалы Әуезов ауданында бұл жұмысқа 40 адам мен 20 бірлік техника жұмылдырған. Олар Қарғалы өзенінің бойын түрлі қоқыстан тазалап, сағасын кеңейтті.

«Жүргізілген жұмыстар су өткізу қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл жеке тұрғын үйлерді су басу қаупін жояды», - деді Әуезов аудандық ТЖБ бастығының міндетін атқарушы Абай Асылбаев.

2021 жылы Алатау ауданында су басу қаупі жоғары 9 аумақ анықталған. Соның үшеуінде былтыр тиісті жұмыстар жүргізіліпті. Қалған жерлерде арық бойын тазалау, арнасын кеңейту шаруалары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Аудан әкімі осылайша су деңгейінің шамадан тыс көтерілуіне жол берілмейді деп отыр.     

«Сол жұмыстарды 2022 жылға көздеп отырмыз. Негізі 9 аумақтың 5-інде бұл мәселе шешіліп, 4-і биыл аяқталады деген жоспар тұр», - деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Алматы бойынша су басу қаупі бар 11 аумақ тіркелген. Сондықтан ол жерлерді қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен өзге де жауапты басқармалар жіті бақылауында ұстап отырады.

«Жауған қардың көлемі 92 пайызды ғана құрап отыр. Ал мұз қалыңдығы – 38 см. Негізі, 40 см-ден аспауы керек. Демек, нормадан аспаған. Сондықтан ауа райы Алматыға қолайлы болмақ», - деді қалалық ТЖД бастығының орынбасары Ерлан Әлібеков.

Соңғы 5 жылда мегаполистегі су басу қаупі бар 56 аумақтағы мәселе шешілген. Ал қалған 11-інде жұмыстар толық жүргізілмеген. Оны шешу келесі жылға жоспарланып отыр. Ол үшін ұзындығы 376 шақырымға созылған арық желілері орнатылады.

Оразай Нұртай, Рүстем Аралбай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров