Ширек ғасырға жуық уақыт жөндеу көрмеген Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты қайта қалпына келтірілді. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев кезекті жұмыс сапарында аталған нысанды аралады. Сондай-ақ, шаһар басшысы ақын-жазушылармен кездесіп, әкімдіктің қолдауымен жарық көрген басылымдармен танысты. Зиялы қауым қатысқан жиын жайлы Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Мәдениет пен руханиятқа ерекше көңіл бөлетін қала басшысы былтыр ақын-жазушылармен өткізген кездесуінде ел тарихында алар орны ерекше Жазушылар одағының ғимараты жөндеуден өтетінін айтып еді. Осы тұста, тарихи нысанды күрделі жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген болатын.
«Көптеген Жазушылар Одағына байланысты қордаланған мәселелерді талқыға салдық. Оның ішіндегі үлкен мәселелердің біреуі – Жазушылар одағының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі. Кіргеннен байқап, көріп келе жатырмыз. Шын мәнінде, көп жұмысты талап етіп тұр. Енді бұл мәдени ошақ болғаннан кейін бұған жұмыс істейтін компанияның өзі сол лицензиясы болуы керек. Солардың ішінен таңдап алып, өздеріңіз де оған ақыл-кеңес берерсіздер. Жұмысын бастап кетеміз, Алла жазса. Бәрін, ретке келтіреміз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қазақ қаламгерлерінің қара шаңырағына айналған мекеме бүгінде толықтай қалпына келтірілген. Қайта жөндеу жұмысы кезінде 20 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген бұл ғимараттың негізгі бөлігі мен мәжіліс залына аса басымдық беріліпті.
Шаһарды мәдени дамыту барысында Жазушылар одағы ғимаратының жөндеу жұмыстары былтыр қараша айында басталып, бүгінде 100 пайыз толық аяқталып отыр. Күрделі жөндеу жұмыстары аясында мекеменің сырты боялып, шатыры мен желілері жөнделіпті. Сондай-ақ, ішкі әрлеу шаруалары да жүргізілген. Ең бастысы, алғаш тасы 50-ші жылдары бой көтерген бұл ғимараттың тарихи кейіпі сақталып қалған.
Сондай-ақ, қала басшысы былтыр зиялы қауым өкілдерімен өткен жиында бірқатар кітаптардың жарыққа шығуына қаржылай қолдау көрсететінін де жеткізген болатын. Игі іс бүгінде жүзеге асып, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев су жаңа 30 авторлық кітаппен танысты.
«Қалада тұратұғын жазушылардың жарық көрмей жүрген кітабының қатарларын шығарып берді осынша уақыттың ішінде. Содан кейін көп жылдардан бергі тозып тұрған жазуылар одағының ғимаратын жөндеуге қаржы бөліп берді. Тәртіпке келтірілген, кәдімгі көрер көзге көркем болып көрінетіндей дәрежеге жетті», – деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
«Қаламгерлеріміздің қалалық әкімдіктен қаржы бөліп, жыл сайын дәстүрге айналдырып, кітаптарын шығарып отыру – бұл да бір үлкен көмек. Бұл ақынның немесе қаламгердің жеке басында ғана емес, бұл қазақ руханиятына, қазақ әдебиетіне жасалып жатқан қамқорлық деп түсіну керек», – деді ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан.
2021 жылы қазақтың әдеби мұраларын көбейту мақсатында таңдаулы авторлық туындыларының жарыққа шығуы әкімдік тарапынан қаржыландырылмақ.
Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы