Наурызнаманың Ынтымақ күнінде басталған Алматының Абай алаңындағы мейрам жалғасуда. Дәл қазір эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл – шаһардағы ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шараның бірі. Той думанда ән мен биден бөлек, түске дейін салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар сахналанып, ұлттар арасындағы достық та дәріптелген.
– Ақтаудан келдім. Нағыз той думанның үстінен түсіппін. Алматыдағы Наурыз ерекше өтеді екен. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жауын-шашынның өзі кедергі болған жоқ, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Александра Данилевская.
Абай алаңындағы мерекелік концерттің бірінші бөлігінде өзге этнос өкілдерінің киіз үйі құрылып, көрме мен жәрмеңке де болды. Іс-шарада шет елдердің дәстүрлі әншілері мен күйші-жыршылары өнер көрсетіп, дүйім жұртқа мәдениетін таныстырды. Мейрамға жиналған дүйім жұрттың арасында жергілікті тұрғындардан бөлек, Еуропадан келген қандастарымыз да қатысты.
– Алматының алмасын, туған жерімнің тауын, табиғатын сағыныппын. Қазақстаннан 25 жыл бұрын кетіп, бүгін алғаш келуім. Осы мейрамға келуді ұзақ жоспарладым. Берлин тұрғыны болсам да, Алматым әрдайым ыстық, – деді Германия азаматы Дина Нұрпейісова.
Оқи отырыңыз: Этно дизайн: Жүннен жасалған қөлөнер бұйымдарына сұраныс артты