Алматыдағы ең ірі екі әлеуметтік дәріханаға 45 мың дәрі-дәрмек жеткізілді

almaty.tv
almaty.tv
Дәріханалар алдындағы кезек те біршама азайған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

45 мың. Дәл осындай көлемде Алматының әлеуметтік дәріханаларына препараттар келді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың басым бөлігі антибиотиктер, дене қызуын түсіретін және вирусқа қарсы дәрілер. Бұл туралы Алматыны дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша үйлестіруші Заңғар Сәлімбаев мәлімдеді. Ал, дәріханалар алдындағы кезек те біршама азайған. 

Осыған дейін ірі дәріханалардың алдында қарбаласқан халық көп болатын. Алайда қазір ондай кезекті көп кездестірмедік.

Мәселен, мына дәріхана алдында кезек қатаң қадағаланады. Әлеуметтік арақашықтық сақтау қажет. Ал, мұндағы қызметкерлердің қолында дене қызуын өлшегіш құрал бар. Сонымен қатар, қосымша кассалық терминал да орнатылған. Қажетті дәрілердің дер кезінде келуіне арнайы маман жауап береді.  

«Кейбір дәрілерге сұраныс артқанын білесіздер. Біз медициналық препараттарды күн сайын алып отырамыз. Қазіргі уақытта антибактериалды, қабынуға қарсы және ауыруды басатын дәрілер арасында дефицит жоқ. Осы тұста қол ұшын созып жатқан  Алматы әкімшілігіне ризашылығымызды білдіргіміз келеді», – деді  дәріхананың бөлім басшысының орынбасары Айнұр Әлмахамбетова.  

Сондай-ақ, қаладағы екі ірі әлеуметтік дәріханаға 45 мың дәрі-дәрмек жеткізілген. Олардың басым бөлігі вирустық ауруларды емдеу үшін алынған.  

«Дәрі-дәрмектерді дәріханаларға жеткізу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда ірі компаниялардың қоймаларында 533 мыңнан астам дәрі-дәрмектер бар. Олар әлеуметтік маңызы бар дәрілерге жатады. Қосымша жақын арада 3,5 миллионнан астам дәрі-дәрмектер алынып келінеді. Кеше ғана «Садыхан» және «Еврофарм» дәріханалар желілеріне 45 мыңнан астам дәрілер жеткізілген болатын», – деді Алматы қаласын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша үйлестіруші Заңғар Сәлімбаев.

Одан өзге жақын күндері Үндістаннан көп көлемде қазір сұраныста бар дәрі-дәрмек жеткізілу жоспарланып отыр. Сондықтан елдің үрейге берілмей, сабыр тақтауын сұраймыз дейді жауаптылар. Ал, дәрігерлер ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуді ескертеді. Ол үшін маска тағып, арақашықтық сақтаған дұрыс.

Арнат Дүйсен, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров