Соңғы уақытта алматылықтар бетперде тағуға ерекше ден қоя бастады. Карантин талаптарының қалай сақталғанын бақылау үшін арнамыздың тілшілері қаланың әр жеріндегі жағдайды өз көзімен көріп, тұрғындарға сұрау салды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтып берсін.
Індеттің ізі біліне бастағалы бүкіл әлем болсын, өзіміздің елде болсын, медицина мамандары вирустан қорғанудың ең алғашқы тәсілі қарапайым бетперде тағып жүру керек екенін айтты. Әлі де айтып келеді. Жалпы алматылықтар дәрігерлердің бұл кеңесіне қаншалықты құлақ асады? Қоғамдық орындарда халық маска таға ма? Біз қазір әртүрлі жерлерге барып кішігірім сауалнама жүргізіп көрсек.
БЛИЦ:
– Сәлеметсіз бе? Кешіріңіз, сіз масканы әрдайым тағасыз ба?
– Иә, күнделікті. Негізі қазіргі уақытта масканы тағу міндетті деп ойлаймын. Себебі қазіргі жағдай қауіпті. Сол үшін масканы тағып жүру керек.
– Ал сіздің ойыңызша қалай?
– Иә, масканы міндетті түрде күнде тағамыз. Өйткені коронавирус індеті өте қауіпті болып бара жатыр күннен күнге.
– Өзім маска тағып жүруге келісем. Сіз күнде тағасыз ба?
– Иә, міндетті түрде. Пайдасы бар деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін тағып келдім. Құдайға шүкір, бәрі дұрыс. Маска тағу керек.
– Иә, мен үнемі маска мен қолғап киемін.
Осы ретте айта қету керек, қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде бетпердесіз жүргендерге қатаң жаза қолданыла бастады. 5 шілдеден бастап қазірге дейін бетперде тақпаған 160-тан астам адамға айыппұл салыныпты. Тәртіпке бағынбаған азаматтар Әкімшілік Кодекстің 425-бабы бойынша 83 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Ал қоғамдық көліктердегі жағдай қалай екен? Автобустағы жолаушылар қаншалықты карантин талаптарын сақтайды. Қазір бірге көрейік.
БЛИЦ:
– Сіз маска тағасыз ба?
– Иә, әрине.
– Далада жүргенде тақпаймыз ғой, тек осындай жабық жерде ғана.
– Қай кезде көбіне тағасыз?
– Жұмыста, осындай қоғамдық жерде тағам.
– Маска тақпай жүретін адамдарға қалай қарайсыз?
– Оларға кеңес берер едім, масканы тағу керек.
– Жабық жерде тағып, ал ашық жерде керісінше ашу керек.
Сонымен қатар, біз адам көп жүретін Арбатқа барып халық арасында сауалнама жүргізіп көрдік.
БЛИЦ:
– Тағу керек, сақтанып жүру керк.100 пайыз маска таққаннан аурудан құтылып кетпейміз ғой, сонда да бір пайдасы бар деп ойлаймын.
– Өзіңіз әрдайым маска тағып жүресіз бе?
– Жоқ.
– Қай кезде тағасыз көбіне?
– Көбіне дүкен, дәріханаларға кірсем тағамын.
– Қазірге дейін тағып келдім. Аяғым ауыр болғандықтан, дем жетпейді.
Міне, өздеріңіз байқағандай, қазір жұрттың басым бөлігі бетперде киюге әбден дағдыланған сыңайлы. Тіпті, халық арасында масканы қанша уақытта ауыстырып, қалай тағу керектігі жөнінде де хабары бар адамдар да кезікті. Жалпы бұны қазір індет өршіген тұста қалыптасқан жақсы бір тенденция деп бағаласа болатын шығар. Сондықтан өзіңізбен қоса өзгелердің де денсаулығын ойлап, әсіресе адам көп жүретін жерлерде бетпердеңізді тағып жүріңіз!
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы