Бүгін Іле Алатауы ұлттық паркінің Аюсай шатқалы маңындағы кеңістікте тікұшақтар байқалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің хабарлауынша, қала тұрғындарының бұл көрініске алаңдауына еш негіз жоқ. Себебі бұл кезекті оқу-жаттығу жиыны болатын. Арнайы сценарийге негізделген оқиғаға «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-171 әскери тікұшағы мен 18 адам жұмылдырылды. Мақсат – табиғи өрттер мен биік ғимаратта болатын қызыл жалынның алдын алу, сондай-ақ, импульстік өрт сөндіру қондырғыларының практикалық дағдыларын пысықтау. Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде төбеде су шашқан тіұшақтардың видеосы тарап, олардың вирус таратып жатқаны туралы жалған ақпарат таратылған еді.
«Таулы аймақта тікұшақпен ұшу жалпы алғанда қиын. Себебі таулы жер болғаннан кейін ауа-райы тез құбылады. Бірде дауыл болса, енді бірде кенеттен қатты жел тұрып кетуі мүмкін. Бүгінгі оқу-жаттығу жиынында 5 тонна су пайдаланылды. Қала тұрғындарын алаңдамауға шақырамын. Мұндай оқу-жаттығу жиынның адам өміріне қауіптілігі жоқ», – деді ҚР ТЖМ Қазавиақұтқару авиакомпаниясының ұшқышы Хамраджан Амраев.