Жастар ресурстық орталықтары – нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ақысы төленетін жастар практикасына тартуға жәрдем көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, бүгінгі таңда жастар практикасына 2020 жылдың басынан бері 1328 адам жіберілген.
Атап өткеніміздей, ресурстық орталықтың бірі Жетісу ауданында орналасқан. Алматы қаласы, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Бірбаевтың айтуынша, жаңа ғана оқу орнын бітірген жас маман үшін жастар практикасынан өту-бұл тәжірибе алудың тамаша мүмкіндігі.
«Жастар үшін ең пайдалысы – олар 6 ай ішінде өз мамандығы бойынша жақсы тәжірибе алады. Егер ол өзінің қабілетін, білімін жақсы көрсете алса, болашақта оған сол жерде қалу ұсынысы түсуі мүмкін», – деді Бауыржан Бірбаев.
Айта кету керек, жастар практикасына соңғы үш жыл ішінде оқуды аяқтаған, дипломы бар, 29 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады.
«Жастар практикасы негізінен соңғы үш жыл ішінде оқуын аяқтаған, дипломы бар, түрлі маман иелеріне арналған. Жалақы 69 мың теңгені құрайды. Тиісті аударымдарды есепке алғанда, 50 мыңнан астам теңге алады», – деді Бауыржан Бірбаев.
Жастар практикасына қатысу үшін алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелу қажет. Мұндай тіркеуді тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығынан немесе Egov порталы арқылы онлайн режимінде алуға болады.
«Жастар практикасына орта есеппен 5 адам келеді. Жұмыспен қамту және кеңес беру процесі, барлық құжат түгел болған жағдайда 10-20 минут уақытты алады. Жастар практикасына қатысу үшін жеке куәлік, дипломның көшірмесі, банктен шот және құжат тігетін папка қажет», – деді Жұмыспен қамту орталығының жұмыс іздеушілерді қолдау бөлімінің маманы Айдана Башин.
Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жұмыспен қамту орталығының мамандары 6 ауданда тұрғындарды қабылдайды:
– Наурызбай ауданының тұрғындары үшін-Наурызбай ауданы әкімі аппаратының ғимаратында, Шұғыла ықшамауданы, 347 үй, 2 қабат, 212 кабинет;
– Әуезов ауданының тұрғындары үшін – Әуезов ауданы әкімі аппаратының ғимаратында, Алтынсарин даңғылы, 23, 1 қабат, 103 кабинет;
– Алатау ауданының тұрғындары үшін – Almaty Arena ғимаратында, Нұркент ықшамауданы, 24 блок, «Qolday кәсіпкерлік орталығы»;
– Бостандық ауданының тұрғындары үшін – Бостандық ауданы әкімі аппаратының ғимаратында, Айманов көшесі, 191, 2 қабат, 216 кабинет;
– Жетісу ауданының тұрғындары үшін – Жетісу ауданының ХҚКО, Құлагер шағын ауданы, Серіков көшесі, 6 а;
– Түрксіб ауданының тұрғындары үшін – Түркісіб ауданы әкімі аппаратының ғимаратында, Шолохов көшесі 9, 1 қабат, 108 кабинет.
«Колледжді бітіре салысымен маған жұмыспен қамту орталығынан хабарласып, жастар практикасына шақырды. Мен "туристік агент" мамандығы бойынша жұмыс істеп, туризмді дамытқым келеді. Бұрын басқа жұмыстар істеп көргенмін, алайда мамандығым бойынша істемедім. Мұндай ресурстық орталықтардың бар болғаны жастарға жақсы. Себебі, енді оқуды бітірген жас маманға жұмыс іздеу, табу қиынға соғады», – деді Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің түлегі Алтындана Асанова.