Сұрақ-жауап: Наурызбай ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Ауданда 2 жаңа емхана салынады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Наурызбай ауданында дәрігерлік амбулатория мен 500 адамды қамти алатын 2 жаңа емхана салынады. Биыл мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықса, құрылысты бастау келер жылдың сәуіріне жоспарланып отыр. Аудан азаматтарымен кездескен қала әкімі Ерболат Досаев бұған дейін түйіні тарқамаған мәселелер біртіндеп шешім табады деп сендірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі сағаттық кездесуге келген қалың жұрт түрлі тақырып төңірегінде сөз қозғады. Наурызбай ауданындағы жол, жарық пен судың жайы көптің алаңдар әуелгі мәселесі екенін аңғардық. Әр азаматты жеке тыңдап, жауаптыларға тапсырма берген әкім жаңадан өркендеп жатқан ауданда көңіл толмайтын қызметтің көбін жасырмады. Соның бірі - Шұғыла ауданына қарасты Тарғап көшесінің ахуалы. Тұрғындардың айтуынша, мұнда автобус жүруін тоқтатқан, су жоқ, 20 шақты үйдің газға қосылмағаны тағы бар.

– Электр жарығын қосамыз деп уәде береді. Бірақ орындалмайды, – деді қала тұрғыны Бүбізия Жарылғапова.

– Жерді қазып, кабель тастаймыз деді. Бұл жер он рет қазылды. Көшедегі асфальтты білдірді. Бір рет қазғанда бәрін жасап кетуі керек еді,  – деді қала тұрғыны Жақсыгелді Құлжабеков.

Жұрттың айтуынша, электр желісі жұмысындағы ақаудан техника күйіп кеткен. Олар бұған дейін барар жердің бәріне арыз жазып, өтініш қалдырыпты. Ал бүгінгі кездесуде шаһар басшысы аталған мәселенің шешілуін тездетуді тапсырды.

Кездесуде спорттық және балаларға арналған алаңдардың жетіспейтіні айтылды. Ал Ілтипат көшесіндегі заңсыз құрылысқа қатысты тексеру жүрмек.

– Қандай жоба бар, тексеріңдер енді. Әкімшілік соған қарамай ма? Тексеру жүргізіп, заңсыз жұмысты тоқтатыңдар, – деді  Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Қоғамдық көліктің қызметіне шағым айтқан жұртқа қала әкімі №15, №47 және №119 автобустың маршруты жаңаратынын жеткізді. Жылжымалы құрамның жұмысы күшейтілмек. Ал жыл соңына дейін №50 және №118,  № 212 қоғамдық көліктің қозғалысы артады.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыздар: Наурызбай ауданында 5 жаңа мектеп салынады

Новости партнеров