Алматыда 1600-ге жуық адам қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастады.

Almaty.tv
Almaty.tv
Қайтарымсыз грант көлемі - 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 млн 225 мың теңге
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биыл 1600-ге жуық адам қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастады. Ал бүгіннен бастап «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы білімін жетілдіруге 4700-ден аса адам ынта білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық 29 жастағы Динара Аңсатбаева - 4 баланың анасы. Ең үлкені 5 жаста болса, ең кішісі бір жарымда. 6 жылдан бері бала күтіміне байланысты үйде отырған ол тігінгіші мамандығын бітірген. Бірақ сүйікті ісімен бар болғаны бір жыл ғана айналысыпты. Дегенмен үйдегі тірліктен қолы қалт ете қалса, бос уақытын осы іске арнайды. Ал қайтарымсыз грант кәсіпті дөңгелетіп әкетуге зор мүмкіндік берген. Ол құжат тапсырған соң, бар болғаны 2 аптаның ішінде қаражат қалтасына түскенін айтады. Көптен бері армандап жүрген жаңа тігін машиналарын сатып алды.

«Мен оған кесте тігетін машинаны алдым. Сосын керекті құрал-жабдықтар сатып алдым. Машинаның арнайы бағдарламасын оқыдым. Ол кез келген сөзді кез келген затқа тігіп береді», – деді көпбалалы ана Динара Аңсатбаева.

Өз ісіне ұқыпты келіншектің бүгінде тұрақты клиенттері де бар. Көпбалалы ана тұтынушылардың сенімін ақтағаны үшін жиі тапсырыс түсетінін айтады. Өйткені ол тігіннің түр-түрін біледі. Жалпы Жетісу ауданында Динара секілді биыл сүйікті ісін кәсіпке айналдырған 101 адам бар. Олардың басым бөлігі тәттілер пісіретін шағын кондитерлік цех ашса, біразы ательені іске қосқан.

«Қыркүйек айында 72 адам алған. Олар істерін бастап кетіп жатыр. Ал қалғаны 30 шақты адам. Олар жұмысын жүргізіп жатыр. Оны да тексеретін, қандай да көмектер керек болатын болса, жұмыспен қамту орталығы айналысады», – деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Қайтарымсыз грант алу мүмкіндігіне еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында қол жетіп отыр. Ол жастарға, көпбалалы аналарға, аз қамтылған, мүгедек бала асырап отырған отбасыларға өздерін тұрақты табыспен қамтамасыз ету үшін көмек ретінде беріледі. Қайтарымсыз грант көлемі - 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 млн 225 мың теңге. Капиталды жаңа бизнесті бастауға немесе бар кәсіпті дамытуға жұмсауға болады. Грант қаражаты несие өтеуге, жер телімін сатып алуға берілмейді.

Жадыра Омаржан, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы








Новости партнеров