Алматы қаласында «Тіл - достық көпірі» атты имамдар арасында интеллектуалдық сайыс өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жарысқа өзге ұлт өкілдері қатысып, қазақ тілінің мерейін үстем етті. 3 бөлімнен тұратын байқауда қатысушылар қазақ тілінде диктант жазып, мақал-мәтелдер айтудан және жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романының мазмұнын айтып жарысты. «Дүйім жұртқа уағыз айтып, тура жолға бағыт беріп отыратын имамдардың ана тілімізді білуі маңызды, бұл сайыстың мақсаты да сол» дейді қаламыздың бас имамы.
«Меніңше, бүгінгі шара алдағы уақытта олардың уағыз кезінде қазақ тілінде еркін сөйлеуіне мүмкіндік береді. Имамдарымыз мешітте елге уағыз айтып, елді осыған бағыттап отыр. Ал сол адам қазақ тілін, қазақтың тарихын жетік білсе, онда ол өзі жіті түсіне отырып, халыққа насихаттауға мүмкіндік алады», – деді қаланың бас имамы Төлеби Оспан.
Сайысқа 19 бен 53 жас аралығындағы дүнген, тәжік, өзбек, ұйғыр, шешен ұлтының дін қызметкерлері қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындармен қоса, ынталандыру сыйлықтары берілді. Кіл жүйріктің арасынан суырылып шығып, өзінің қазақ тілінде сөйлеу мәнерімен, тілдің тазалығымен тәнті еткен Наурызбай аудандық «Нұр» мешітінің ұстазы, сайыс жеңімпазы Мұхаммедәмин Басиев кіші Умра қажылығына жолдама алды.
«Қазақ тілін ең алғаш мектептен бастаған болатынмын. Қазіргі жарыс барысында қатты қиналғаным жоқ. Бірінші сайыста, яғни диктант жазған кезде тыныс белгілеріне қатысты аздап күмәнім болды. Екінші сайыста жаттаған мақалдарымызды айтып, қолдан келгенше үздік шығуға тырыстық», – деді сайыс жеңімпазы Мұхаммедәмин Басиев.