Алматыда алдағы 5 жылда 700-ден астам ескірген үй сүріледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл туралы тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын бекіту барысында мәлім болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда алдағы 5 жылда 700-ден астам ескірген үй сүріледі. Бұл туралы тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын бекіту барысында мәлім болды. Осылайша қала көркіне сын болған 2 қабатты үйлер бұзылып, орнына зәулім тұрғын үй кешені пайда болмақ. Мамандардың хабарлауынша, ескі үйлердің көпшілігі Түрксіб, Наурызбай және Алатау аудандарында орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Бұл Райымбек батыр даңғылы бойындағы қаз-қатар тізілген екі қабатты тұрғын үйлер өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Олардың бір бөлігін сүру жұмыстары ақпан айында басталып кетті. Қарсы бетте 12 қабатты зәулім тұрғын үй кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Ескі үйі сүріліп, орнына жаңа пәтер алуға ниеттілердің бірі - Айнұр Қалдарбекова. Ол отбасымен бірге бүгінгіден кең әрі жайлы пәтерге көшуді тағатсыздана күтіп жүргенін айтады.  

«Бір жылдай болып қалды көшіп келгенімізге, үйіміз сүріледі деген соң көшіп жатырмыз. Әзірше жалдамалы пәтерде тұрамыз, сосын мына үй біткеннен кейін осы үйге көшіп келеміз», – деді қала тұрғыны Айнұр Қалдарбекова.

Мұндай отбасыларға өз таңдауына қарай әкімдік тарапынан түрлі нұсқа ұсынылып отыр. Бірі тұрғын үй кешенінің салынып біткенін толық күтемін десе, енді біріне қала ортасынан дайын пәтерге қоныс аударына мүмкіндік бар. 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасына сәйкес, 708 үй бұзылып орнына 683 көпқабатты тұрғын үй салынбақ.

«Жаңадан құрылыс жүретін 683 үйдің 458-і жеке инвесторлардың көмегімен бой көтереді. Ал, 250 үй мемлекет қаржысына салынады деп жоспарланып отыр. Мәселен, өтініш берушінің ескірген үйі 2 бөлмелі болса, тура сондай екі бөлмелі жаңартылған пәтер ала алады және техникалық паспортында көрсетілген шаршы метрге, 10 шаршы метр қосымша беріледі», – деді Қалалық «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарушы директоры Қанат Әлібеков.

Айта кетейік, бүгінде қалада қаңқасы қамыстан тұрғызылған екі қабатты 1400 үй бар. Тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасына сәйкес, оларды сүру мен құрылыс жұмыстарын жүргізу тұрғындардың толық келісімен жүргізіледі.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров