Жаңа жыл түнінде Алматыда айтарлықтай ірі оқыс жағдайлар тіркелген жоқ

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл – қала тұрғындарының бекітілген ережелер мен сақтық шараларына жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жыл көпшіліктің тағатсыздана күтетін мерекесі болғандықтан, жылда 31 желтоқсанның түні ду-думанға толы болады. Бұған дейін халық  «көңіл көтереміз» деп талай рет оқыс жағдайға ұшыраған еді. Алайда биыл айтарлықтай оқыс оқиғалар тіркелмеген. Тек өткен түні 00 сағат 17 минутта қалалық төтенше жағдайлар департаментіне Саялы ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде орын алған өрт туралы ақпарат келіп түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алдын-ала мәліметтерге сәйкес, тілсіз жаудың себебі –  пиротехникалық өнімдердің дұрыс қолданылмауы. Алматы қалалық ТЖД ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетованың айтуынша, зардап шеккендер жоқ.

«Өрт сөндірушілер келгенде 5 қабатты үйдің 5 қабатындағы балконда үй заттары өртенгені анықталған. Қабылданған шаралардың арқасында 3 шаршы метр аумақты шарпыған  от 5 минуттың ішінде сөндірілді. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Жалпы алғанда, қала бойынша резонанстық жағдайлар болған жоқ»– деді Г.Нұрымбетова.

Жаңа жыл түні сағат 21:30 да Алматы-Талғар автожолы бойында ірі жол апатынан үш жолаушы қайтыс болды. «BMW 525» автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс бағытына шығып, Mercedes Benz 230 маркалы көлігіне соғылған. Апат салдарынан BMW 525 көлігінің бір жолаушысы және «Mercedes Benz 230» маркалы автокөлігінің екі жолаушысы мерт болған.  Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбек бұл жол көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты.

«Қазіргі таңда бұл жол көлік оқиғасы бойынша барлық сараптамалардың тағайындалуымен Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 345-бап 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды» – деді А.Әзірбек.

Инфекционист-дәрігерлердің мәліметіне сүйенсек, өткен тәулікте алматылықтардың арасында жұқпалы аурулар ауруханасына тағамдық улану бойынша медициналық көмекке жүгінгендер дерегі тіркелмеген.

Жалпы алғанда, биыл Алматы қаласы бойынша айтарлықтай оқыс жағдайлар болмады. Бұл – қала тұрғындарының бекітілген ережелер мен сақтық шараларына жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді.

Новости партнеров