Алматы әкімдігі 6 шілде – Елорда күнінде дүниеге келген 28 нәрестенің анасын және балалар үйінің 44 жеткіншегін мейраммен құттықтады. Жыл сайын астана күнінде дәстүрге айналған құттықтаулар барысында балаларға символды сыйлықтар тарту етілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жыл сайын 6 шілде астана күні мейрамында қала билігі шаһардағы перзентханаларда дүниеге келген барлық сәбилердің аналарына мерекелік сыйлықтарды табыстауы дәстүрге айналған. Биыл да мегаполистегі карантин жағдайына қарамастан, Алматы әкімдігі мен қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері алдымен №1 қалалық перзентханаға барып, жаңадан босанған әйелдерді құттықтап, нәрестелерге жарқын болашақ тіледі.
«Ата-ана атанған отбасыларды құттықтаймыз! Олардың өмір жолы ұзақ және бақытты болсын. Бүгін біз жаңа туған нәрестелерге символикалық сыйлықтар тарту еттік. Барлығын бүгінгі пандемия жағдайында өз балаларын барынша қорғауға шақырамыз. Қолды жуу, салауатты өмір салтын сақтау секілді гигиеналық дағдылар мен дұрыс тамақтануға үйрету қажет. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!» – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бейсембаева.
Дәл бүгін қалада туған сәбилердің 11-і атқамінер болса, 17-сі кестетігер дейді медицина қызметкерлері. Ал, жалпы 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында Алматыда 22 мың 884 бала дүниеге келген.
Бүгін Алматы қалалық №1 перзентханада Елорда күні қарсаңында 5-шілде түнгі сағат 00:00-ден 6 шілде күні таңғы сағат 9:00-ге дейін 6 нәресте дүниеге келді. Оның 4-еуі ұл, 2-уі қыз бала. Ал, дәрігерлер қазіргі уақытта жаңадан босанған барлық аналар мен сәбилердің жағдайын бірқалыпты жақсы деп бағалап отыр.
«Жыл сайын осы күні біз перзентханада бір тәулік бойы дүниеге келген шақалақтарды құттықтап отырамыз. Бүгін де дәл солай аналарға ерекше құрмет көрсетілуде. 5 келіншек палатаға шығарылған, ал екеуі кесір тілігінен кейін жан сақтау бөлімінде жатыр. Балаларға барлық процедуралық шаралар жасалды. Қазір аналарының қасында», – деді № 1 қалалық перзентхана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Игорь Смаликов.
Ал, 6 шілде күні түнгі сағат 02.00-де үшінші баласын өмірге әкелген Дариға Әбілбәкиева ұлының осындай ерекше құрметке ие болғанына қуанышты.
«Мереке күнінде босанып отырмын. Түнгі сағат 02.00-де осы перзентханаға түсіп, босандым. Ұл баланы өмірге алып келдім. Салмағы 3,200 грамм, бойы 52 сантиметр. Барлық дәрігерлерге, медбикелерге және Алматы қалалық әкімдігіне алғыс білдіремін. Рахмет барлығына!» – деді Дариға Әбілбәкиева.
Сондай-ақ, қала әкімдігі Бостандық ауданында орналасқан №1 балалар үйінің жеткіншектеріне де арнайы барып, мерекелерімен құттықтады. Онда тәрбиеленіп отырған 44 балаға түрлі спорттық киімдер тарту етілді.
«Астана күнімен құттықтаймын! Нұрсұлтан қаласында тұрып жатқан тұрғындарға балалардың атынан сәлем жолдаймын. Аурудан сақтанып жүріңіздер! Ауырмаңыздар! Үйде отырыңыздар!», – деді Вагип Вихропов.
Қазақ елінің мәртебесін асқақтатқан Елорданың құрметіне арналған осындай құттықтаулар бүгін тек карантин талаптарына сай жүзеге асырылуда. Еске сала кетсек, биыл пандемияның өршуіне байланысты қалың көрермен барлық мерекелік іс-шараларды әлеуметтік желілерден онлай түрде тамашалай алмақ.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы