«Халыққа жақын полиция». Мемлекет басшысы соңғы жолдауында осы қағида бойынша учаскелік инспектордың мәртебесін арттыруды тапсырған еді. Осыған орай Ішкі істер министрлігінің кадр саясаты басшылары мен Алматы қалалық және облыстық полиция департаментінің өкілдері жолдаудағы жаңа ережелерді талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиын барысында құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты жақсарту мәселесі де пысықталды.
«Халықтың бізді «жазалаушы» орган ретінде қабылдамауы өте маңызды. Полицей тұрғындардың қаупсіздігін қамтамасыз етіп, олардың мәселелерін шешуге көмектесетін қызметкер. Сондықтан да біз осы қағиданы ұстана отырып, аталған бағытта жұмыс жасауымыз керек. Ішкі істер министрлігі Президент атап өткен тапсырмаларды орындауға кірісті», – деді ІІМ кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков
Одан өзге курсанттарға полиция қызметінің жаңа тәртіптегі жұмысы түсіндірілді. Себебі министрліктің айтуынша тәртіп сақшыларын қоғамға қызмет етуге бейімдеу оқу орындарынан басталуы қажет. Онымен қоса, жергілікті инспекторларға нәтижелі жұмыс атқару жөніндегі нұсқаулықтар берілді.