Алматының «Бақытты отбасы» орталықтарында ер адамдарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Шаһарда «Бақытты отбасы» орталықтары 2019 жылдың тамыз айынан бастап жұмыс істеп келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бақытты отбасы» орталықтарында ер адамдарға да әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіледі. Бұған дейін тек келіншектермен жұмыс істеп келген орталық, ақпан айынан бастап көпбалалы ер азаматтарға арналған курстар ашып, жұмысқа орналасуына септеспек. Мамандардың айтуынша, мұндай қолдау шаралары ерлі-зайыптылар арасында отбасылық қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің материалында.

Шаһарда «Бақытты отбасы» орталықтары 2019 жылдың тамыз айынан бастап жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта 8 ауданда 9 орталық ашылып, көпбалалы аналарға қарқынды қызмет көрсетілуде. Ал, биыл ақпан айынан бастап ер адамдармен жұмыс істеу де жоспарланып отыр. Ер азаматтарға арналған түрлі курстар ашылып, оқу бағдарламасы жасақталмақ. Бұл көпбалалы әкелердің осында оқыған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді дейді мамандар.  

«Әке әр адамның өмірінде үлкен рөл атқарады. Біз ер адамдардың көзқарасының өзгергенін қалаймыз. Отбасындағы ер азамат рөлінің маңызды екенін көрсеткіміз келеді. Себебі әйел жалғыз өзі бір уақытта жанұяның дамуымен және тәрбиемен айналыса алмайды. Сондықтан екеуі бірге әрекет етуі керек», – деді қалалық «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Зүлфия Байсақова.

34 жастағы Нәдір Абылай 4 перзенттің әкесі. Өз мамандығы мұнайшы-геолог болғанымен қазіргі уақытта жиһаз жасаумен айналысып, яасының күнкөріс қамын жасауда. «Бақытты отбасы» орталығында ақпан айынан бастап ер кісілерге арнайы курстар ашылатынын естіген көпбалалы әке тіркеуге тұрыпты. Енді кәсібін дамытуды мақсат етіп, өзіне қажет бағдарламаны игеруді жоспарлап отыр.  

«Жұбайым өзі сол орталықта тіркелген еді. Кейін оқу оқып, сол жерге жұмысқа тұрды. Жарымнан ер азаматтарға арналған курстар ашылатынын естіп, бірден тіркеуге тұрдым. Енді, интернет-маркетинг курсы қызықтырып отыр. Сол бағдарламаны оқып алсам, кәсібімді одан әрі кеңейтсем деймін. Бұл – көпбалалы отбасылар үшін үлкен мүмкіндік», – деді көпбалалы әке Нәдір Абылай.

Жалпы 2020 жылы «Бақытты отбасы» орталықтарының қызметін жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 191 миллион 442 мың теңге бөлінген. Әлеуметтік осал отбасылардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында әйелдерге әлеуметтік-психологиялық, заңгерлік қызметтер ұсынылып, курстар оқытылды. Қазірдің өзінде 9 орталықта 33 мыңнан астам тұрғын тіркеліп, 25 мыңға жуық адамға қызмет көрсетілген.  

«Көбіне аналарымыз «Бастау Бизнес» бағдарламасын оқып, өздеріне кулинария ашты, аспаздықты ашты. Өздері әлеуметтік желі арқылы, инстаграмм арқылы жұмыс істеді. Осы жылға дейін орталығымызға 9250 ана тіркелді», – деді қалалық «Бақытты отбасы» орталығының психолог маманы Әсем Байділдәнова.

Бүгінгі күні «Бақытты Отбасы» орталығының базасында әрбір ауданда «ISKER ANA» және «Бастау Бизнес» бағдарламасы іске асырылуда. Тек «Бастау бизнес» жобасы аясында 82 адам грантқа ие болған. Одлардың 57-сі өз кәсібін ашқан.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы

Новости партнеров