|
30.11.2020 | 21:17
3642

Алматының шеткі аудандарында бизнесті жандандыру үшін 30-ға жуық жобаға жеңілдетілген несие берілген

Шағын және орта бизнестің өркендеуі үшін қаланың 8 ауданында 99 жер учаскесі таңдалып алынған

Алматының шеткі аудандарында бизнесті жандандыру үшін 30-ға жуық жобаға жеңілдетілген несие берілген Almaty.tv

Шеткі аудандарда бизнес жандана түседі. Биыл осы мақсатта 30-ға жуық жобаға жеңілдетілген несие берілген. Бүған дейін шаһарға кейін қосылған аудандарда қызмет ететін бизнес өкілдеріне несие берілмеген көрінеді. Енді бұл мәселе «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жобасы арқылы іске асып жатыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Шахила Баймұрат 2017 жылы кеңсе тауарларын өндіруге білек сыбана кіріскен. Сөзінше, кеңседе қолданатын заттардың 90 пайызы шетелден әкелінеді. Ол «Almaty finance»  ұйымынан 2 пайыздық жеңілдетілген несие алып, қазір кәсібін дөңгелетіп отыр.

Бұл цех жұмысын бір ай бұрын бастаған. Кеңсе тауарлары енді өзіміздің елде де өндіріліп жатыр. Мұнда күніне 3 мың дана кеңсе папкасы шығарылады. Шағын өндіріс орны қазір 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Комиссия, ешқандай бір банктің жүйесі жоқ ол жерде. Өзіңіздің идеяңызды апарып қоясыз. Бизнес жобаңызды қорғайсыз. Ол жерде барлығын қорғап шықсаңыз онда тез беріледі ақша», – деді кәсіпкер Шахила Баймұрат.

Кәсіпорын қалаға кейін қосылған Наурызбай ауданының аумағында орналасқан. Бұл тегін емес. Өйткені осылайша шеткі аудандарда бизнес дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. «Almaty finance» арқылы биыл 23 жоба іске асқан.

«Almaty finance» мекемесі 7,14 млрд теңгеге жобаларды қарастырып қойған. Оның ішінде 6,14 млрд теңгеге несиелер бөлініп қазіргі жағдайда қалған кәсіпкерлер бірте бірте өзінің транштары бойынша мақұлданған суммасын алып жатыр», – деді «Almaty finance» ұйымының басқарма төрағасының орынбасары Заңғар Сәлімбаев.

Бұдан бөлек кәсіпкерлікті дамыту үшін «Қолдау» орталығы да құрылған. Онда үш бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Кәсіпкерліктің қыр-сырын оқытып, бизнес-жоба дайындаудан бастап оны іске асыруға қажетті құжаттарды рәсімдеуге дейін көмек беріледі.

«Бүгінде кәсіпкерліктің негізі 5 жарым мың адамға үйретіліп, оқытылды. 462 рұқсат беру құжаты дайындалып, 42 жоба біздің қызметкерлермен сүйемелденді. Жобалардың жалпы құны 42 млрд теңге болады. Сондай-ақ, 400 бизнес жоба жасалды», – деді «Qoldau» кәсіпкерлік орталығы департамент директорының орынбасары Рузана Тарануха.

Шағын және орта бизнестің өркендеуі үшін қаланың 8 ауданында 99 жер учаскесі таңдалып алынған. Қазір ол жерлерде бизнесмендер жұмыс істеуге барлық қажетті инфрақұрылымдар қарастырылған.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир