|
07.04.2021 | 22:18
6510

Алматыдағы жаңарған саябақтар

«Жұмыспен қамту» жол картасы аясында Қарағай орманында балалар және спорт алаңы салынды

Алматыдағы жаңарған саябақтар @almaty_akimat

Алматы саябақтары күнен-күнге көркейіп келеді. Бұрын  қоқыс жиналып, қаңғыбастар паналаған алаңдар бүгінде халық демалатын тамаша орындарға айналды. Жобалаушылар көркейту жұмыстарын алматылықтардың талап-тілектерін ескере отырып жасаған. Жаңарған саябақтардың қазіргі келбетімен Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы танысып қайтты.

«Жұмыспен қамту» жол картасы аясында Қарағай орманында балалар және спорт алаңы салынды. Оған қоса мұнда 4 мың шаршы метр газон төселіп, алты мыңға жуық қарағай отырғызылған.

«Кезінде осы жердің бәрі жатқан лай, шөп өскен дала болатын. Осының бәрін жасап, парк ретінде халық өзі демалып қалған ретінде бәрін жасап жатыр. Қала әкіміне, Алатау әкімдігіне ризашылығымды білдіремін», – деді қала тұрғыны Қайрат Мажақов.

Төлебаев көшесіндегі саябақ та жыл сайын жаңарып отырады. Бұл аймақ серуендеуге, спортпен айналысуға өте қолайлы дейді тұрғындар.

«Парк өте сүйкімді. Осындай парктер, бульварлар көп болса, тіпті жақсы болар еді кісілерге. Машина көп жүрмейді бұл жерде, түтін жоқ», – деді қала тұрғыны Бейбіт Мұстафин.

Медеу ауданында орналасқан Шухов саябағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін жаңаша кейіпке енді. Аумақ тұтастай жарықтарндырылған. Тұрғындар мұнда тәуліктің кез келген уақытында серуендей алады. Ал жаңадан салынған футбол алаңы жастарға алаңсыз доп тебуге мүмкіндік береді. Бұл саябақта балалар мен салауатты өмір салтын ұстанатындар үшін де барлық жағдай жасалған.

«Осы саябақ жөндеуден өткеннен бері өте жақсы болды, бір сергіп қалдық. Бала-шаға бәрі ойнап, осы жерге келіп демаламыз», – деді қала тұрғыны Күлтай Шалғымбаева.

«Бұл жерде бұрындары жазық алаң болатын тек қана. Кейіннен балаларға арналған жазық ойнағанға ыңғайлы осындай керемет жасап қойды. Сол кешке жақын жарық, жүргенге ыңғайлы, қыдырып тұрамыз күнделікті», – деді қала тұрғыны Дәурен Дүйсебаев.

Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстары кезінде тарихқа тағзым ету де ұмыт қалған жоқ. Саябақта батырлар есімдері жазылған «Мәңгілік алау» мен гранит тақтайшалар орнатылған. Айта кетейік, күрделі жөндеу жұмыстары кезінде Шухов саябағында 60 қоқыс тастау жәшігі, 40 орындық орналастырылып, 27 ағаш отырғызылды.

Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир