Бұл үйде Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев тұрған. Алматы көшелерінің бірінде дәл осындай жазбаны ғимарат маңындағы дәмхана бастырмасы жауып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Одан бөлек, дәл осы көпқабатты үй қабырғасында генерал-майор Вачакон Власовқа да тақтайша ілініп тұр. Медеу аудандық әкімдігіне келіп түскен тұрғындардың шағымынан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері мекемені тексерді. Жасалған ескертуден кейін дәмхана басшысы өз еркімен шатырларды алып тастауға шешім қабылдаған.
«Бизнесмендер өз жағдайын жасап жүр. Біздің оларға ешқандай қарсылығымыз жоқ. Бірақ та мынандай саяси, мынандай патриоттық жағдайларды ұмытпау керек. Олар байқамай, мына тақталарын жауып тастады. Олармен ұрсып, олармен соттасайын деген әңгіме жоқ. Осы жерге келіп, жағдайды түсіндіріп айттық. Олар бізді түсінді», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг тобының мүшесі Сағынбек Саймұханұлы.