Алматыда жасыл желекті суару және күтіп-баптау челленджі қарқын алып жатыр. Alatay Aqparat журналистері бастаған игі іс жалғасын тауып, бүгінде мемлекеттік қызметкерлер, түрлі мамандық иелері мен зиялы қауым өкілдері де атсалысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Үйіміздің ауласындағы, көшедегі ағаштарға түбін түптеп, су қуйып тұрсақ, соның өзі біздің табиғатқа қосқан үлкен үлесіміз болады», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет.
Шаһар көркі мен экологиясын сақтап қалу үшін жасыл ағаштардың тағдырына бей-жай қарамайтындардың барлығын – журналистер қауымы игі істі қолдауға шақырады. «Жасыл желек – жанға сая» демекші, бау-бақшаны суаруға Қазақстанның Еңбек ері Олжас Сүлейменов те білек сыбана кірісті.
«Керемет! Әсем Алматының сұлулығы – жасыл желек. Біз оны жұдырықтай жұмылып күтіп баптауымыз керек. Себебі Алматының атына затын сай ететін дәл осы табиғат сыйы», – деді Қазақстанның еңбек ері Олжас Сүлейменов.