«Келешек мектептері» ұлттық жобасының аясында мегаполисте 21 мектеп салу жоспарланған
35 жыл білім биігінде. Егемендік декларациясы қабылданғалы бері бұл сала да жаңа белеске көтерілді. Заман талабына сай болып, әлемдік стандарттарға жақындады. Елімізде білім ордаларының саны артты, қаржыландыру көлемі ұлғайды. Бір ғана Алматының өзінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасының аясында 8 оқу ошағы жұмысын бастап үлгерді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Талай дарынды түлеткен, талай ұрпақтың арманын асқақтатқан шаһардың бірі – Алматы. Білім мен парасат ордасы саналатын мегаполис егемендік жылдарында да елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға көп үлес қосты. Қалада жаңа білім ордалары салынды, заманауи оқу бағдарламалары енгізілді. Атап өтер жайт, бүгінде Алматыда 220 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Мекемелерде 300 мыңнан аса оқушы тәлім алады. Және жыл сайын олардың саны кемі 12 мыңға артады екен. Қызығы, сол жастардың көпшілігі халықаралық додаларда топ жарып жүр.
«Біздің педагогтер мен оқушылардың жетістіктеріне қарасаңыздар, Алматы қаласы республика бойынша көш ілгері. Мәселен, 2022 жылғы PISA халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша, алматылық оқушылар жаратылыстану және математикалық бағыттағы пәндерден республикада бірінші орынды иеленіп, өз мықтылығын дәлелдеді», – деді Білім басқармасының ғылыми-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Сандуғаш Әтейбек.
Көрсеткіштің биіктен түспеуіне «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген тәмсіл әсер етсе керек. Қазіргі таңда Алматы мектептерінде қызмет ететін 27 мыңға жуық білікті маман оқушыларға білгенін үйретіп келеді. Және білімін тұрақты түрде жетілдіреді. Сингапур, Швейцария, Оңтүстік Корея, Жапония мен Малайзия сияқты мемлекеттерде тәжірибе жинақтайды. Еңбек өтілі 40 жылға жақындаған ардагер ұстаз Камалия Битаева цифрлық дәуір басталғалы талай өзгерісті көзімен көрген. Ол жасанды интеллектіні көмекші құрал ретінде пайдалану, керек ақпаратты іріктей білу өте маңызды дейді.
«Балалардың да көзқарасы өзгерді. Мен оларға «біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз, сондықтан соған сай болуымыз керек» деп үнемі айтамын. Қазір Қазақстан әлемге танымал елге айналды. «Сол себепті ертең әлемнің кез келген жерінде үлкен қызмет атқарып, елімізді дамытып, таныту – біздің міндетіміз» деп түсіндіремін. Сол үшін де қазір көптеген оң өзгерістер бар», – деді ардагер ұстаз Камалия Битаева.
Цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында қалада «Үздік цифрлық педагог», «Үздік цифрлық директор» байқауы да өткізіледі. Ал жасанды интеллектіні мектептерге енгізу үшін 5 мыңнан аса аккаунт ашылып қойған. Қазір мамандар ондаған платформаның мүмкіндігін талдап жатыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жасанды интеллектіні мектептерге, жалпы білім беру мазмұнына енгізу туралы тапсырма берді. Осы бағытта Алматы қаласында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Біз 3 мыңнан астам педагогті жасанды интеллектіні қолдану бойынша курстан өткіздік. Бұл – тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта барлық педагогтер осындай курстардан өтіп, тәжірибе алмасатын болады», – деді Білім басқармасының ғылыми-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Сандуғаш Әтейбек.
Ұмытпаған жөн, «Келешек мектептері» ұлттық жобасының аясында Алматыда 21 мектеп салу жоспарланған еді. Оның 8-і ашылып үлгерді. Ал тағы бесеуінің құрылысы биыл аяқталады. Білім ордалары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Оқушылардың ойлау қабілетін арттыруға, бос уақытын зая кетірмеуге жағдай жасалады.
Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы экономикасының қарқынды өсімі алдағы уақытта қалай сақталады - сарапшы пікірі