Бұл әсерлі сахналық көрініске 200-ден астам өнерпаз қатысты
Бес мыңнан астам адам Абайдың әйгілі «Көзімнің қарасы» мен «Желсіз түнде жарық ай» әндерін бір уақытта орындап шықты. Алматыда қазақтың ұлы ақынының 180 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Жиынға қала басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен шығармашылық ұжымдар қатысып, ойшыл, ағартушының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мегополисте өткен мерейтой таңнан кешке дейін жалғасты. Оған 5 мыңнан аса адам атсалысқан. Қатарында қала әкімі Дархан Сатыбалды, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, студенттер мен қала қонақтары бар. Қатысушылар ұлы ойшылдың халық жадында жатталған «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін хормен орындады. Оны «Отырар сазы» оркестрі, Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы және Құрманғазы атындағы консерватория студенттері сүйемелдеді. Сондай-ақ Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ақын рухына тағзым етілді.
«Алматы қаласының жұртшылығы Абай Құнанбаевтың мерейтойын белсенді атап өтуде. Сағат 9:00-ден бастап Абай алаңының алдына 5000-ға жуық адам жиналды. Абайдың әндерін 200 адамнан тұратын хормен бірлесіп шырқады. Сонымен қоса жыл соңына дейін Алматы қаласында Абай мерейтойына арналған 120 іс-шара өтеді, – деді Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Мерейтой «Алаштың Абайы» атты ауқымды театрландырылған-концерттік қойылыммен жалғасты. 200-ден астам өнерпаз қатысқан сахналық туындыда драмалық көріністер ұсынылды. Қойылымды Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов ашып, ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Сахнада Тұңғышбай Жаманқұлов, Саят Мерекенов, Роза Рымбаева, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері, «Жетігеншілер» және басқа да шығармашылық топтар өнер көрсетті. Бұдан бөлек, есту қабілеті нашар өнерпаздар Абайдың жыр жолдарын жүрек пен қимыл тілі арқылы жеткізіп, көрерменді ерекше әсерге бөледі.
«Абай десе – қазақ, қазақ десе – Абай. Сондықтан Абайдың әрбір сөзі, 45 қара сөзі – елге қалдырған үлкен сыйлығы. Әр адамға, түсінген адамға үлкен ой тастайды», – деді ҚР Еңбек ері Асанәлі Әшімов
«Абайдан кейін қазақ басқаша ойлайтын болды. Басқаша сөйлейтін болды. Ең қиын тіркестерді, ең иын оралымдарды Абай қалыптастырған әдеби тілмен емін-еркін жеткізетін болды. Абайдың басты тағылымы осы шығар. Қазақ тұрғанда Абай да тұра бермек. Қазақтың Абайға деген сағынышы, Абайға деген құрметі мәңгілік болсын», – деді музыкалық-поэтикалық кештің сценарий авторы Базарбек Атығаев.
Мерейтой аясындағы іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады. Қаланың барлық ауданында театрлық қойылымдар, поэзия кештері, әдеби сағаттар, көрмелер, концерттер, спорттық және қайырымдылық акциялар өткізу жоспарланған.
Олжас Омарбек, Медет Саматұлы, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Алматыда 5 мыңнан астам адам Абай әндерін шырқап, ескерткішіне гүл қойды