AGGE Festival: Алматыда гик-мәдениет жанкүйерлері жиналды
Биыл жоба бесінші мәрте көрерменін қабылдады
Алматыда кино, гейминг, косплей мен комикс әлемін тоғыстырған «AGGE Festival 2026» халықаралық фестивалі өтті. Екі күндік бағдарламада түрлі байқаулар ұйымдастырылып, шығармашылық жобалар көпшілік назарына ұсынылды. Биыл бесінші рет өткен іс-шараға әлемдік телехикаялардың жұлдыздары да арнайы қонақ ретінде қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында екі күн бойы бірнеше бағыт қатар өрбіді. Геймерлер киберспорт турнирлерінде бақ сынаса, енді бірі кино, аниме, комикстердегі сүйікті кейіпкерлерінің бейнесін сомдады. Келушілер үшін ойын аймақтар жұмыс істеп, авторлар жаңа жобаларын таныстырды. AGGE Festival Алматыда 2022 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл жоба бесінші мәрте көрерменін қабылдады.
"Бүгін біз осы фестивальде ағам екеуіміздің жобамызды қорғап жатырмыз. Біз осы жақта отжимания дұрыс жасауды үйретіп, осы адамдарға көрсетіп жатырмыз", - деп бөлісті қатысушы Батырхан Аманбек.
"Біздің балаларымыз 13-14 жастағы жігіттер өздері бір жыл талпынып жасады. Бүгін презентация жасап жатыр. Негізі бастапқы Англияда басталды. Біздер көрмеге бардық, «develop brighton» аталады. Екі рет, үш рет балалармен барып, басқа жастардың, шетелдегі жастардың ойынды қалай құрастыратынын көріп балалар, соны Қазақстанға әкелу деген мақсаты болды. Сондай ерекше шара болып жатыр", - деп айтты қатысушы Әйгерім Әділхан.
Биылғы фестивальдің тағы бір ерекшелігі – әлемдік телехикаялар арқылы танылған актерлердің келуі. Мәселен, Пак Сон Хун мен Дэниел Портман жанкүйерлерімен жүздесіп, олардың сауалдарына жауап берді.
"Алматыда жолдар өте таза екен. Кездестірген әрбір адам кішіпейіл екен. Бірден сіздерді қонақжай халық деген сезім ұялады. Егер Қазақстан тарапынан қандай да бір киноға түсуге ұсыныс түсіп жатса, мен оны міндетті түрде үлкен қуанышпен қабыл аламын. Себебі бұл мен үшін өте қызықты тәжірибе болар еді", - деді Оңтүстік Корея актері Пак Сон Хун.
Айта кетейік, екі күндік фестивальді мыңнан астам көрермен тамашалады. Ұйымдастырушылар келер жылы іс-шараның ауқымын кеңейтіп, бағдарламасын жаңа бағыттармен толықтыруды жоспарлап отыр.
Мәди Мәлік - Ғани Қалуов - Almaty TV телеарнасы.
Оқи отырыңыз: Жапондық марафоншы Юки Каваучи мәреге жеткен соң Алматыдағы жаңа бағытқа баға берді