Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен «Жаңа прогрессивті Конституция – біздің бірлігіміздің негізі: білім, ғылым, инновациялар, мәдениет» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. «Достық» үйінде өткен жиынға сарапшылар, ғалымдар және қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, Жаңа Конституция жобасының ел дамуы үшін маңызы туралы пікір алмасты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесуді ашқан қала әкімі Ата заң қоғам сұранысына жауап беріп, уақыт талабына сай жаңарып отыруға тиіс екенін атап өтті.
«Мемлекет те, қоғам да үнемі даму үстінде. Жаңа тарихи жағдайлар, жаһандық өзгерістер мен экономикалық трансформациялар ел басқарудың жаңа тәсілдерін талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, жаңа Конституция технологиялық өрлеуге, жасанды интеллектіні дамытуға және жаппай цифрландыруға жол ашады. Бұл отанымыздың әділетті әрі өркендеген мемлекет болуына ықпал етеді», – деді Дархан Сатыбалды.
Оның айтуынша, конституциялық өзгерістер – бұл тек құқықтық нормалар мен институттарды жаңарту ғана емес, сонымен бірге қоғамның ел болашағына деген жауапкершілігін терең ұғынуына жол ашатын маңызды кезең.
«Бүгінде мемлекет азаматтармен өзара іс-қимылдың неғұрлым ашық моделін жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Бұл үдерісте қоғамдық диалог, сараптамалық бағалау және кәсіби қауымдастықтың белсенді ұстанымы ерекше рөл атқарады», – деді қала әкімі.
Дархан Сатыбалды Алматыда конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Қалада сараптамалық пікірталастар өтіп, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда кездесулер ұйымдастырылуда, сондай-ақ қала тұрғындары, жастар және үкіметтік емес ұйымдармен диалог алаңдары жұмыс істеп жатыр. Ақпараттық жұмыс медиа кеңістікте де жалғасып, түсіндірме материалдар мен сарапшылардың пікірлері жарияланып келеді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар конституциялық реформаларды қолдап, Ата заңды жаңарту қоғамдық диалогты нығайту және заманауи құқықтық жүйені қалыптастыру үшін маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Жаңа Конституция жобасы елдің ғылыми-технологиялық дамуына қосымша серпін беретінін айтты.
«Жаңа технологияларды енгізу және зияткерлік әлеуетті нығайту мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды», – деді ол.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жазушылар қауымы бұл бастаманы қолдайтынын айтып, оның мәдениет пен руханият саласын дамыту үшін де маңызды екенін атап өтті.
Жастар атынан «G-35» студенттік көшбасшылар бірлестігінің үйлестірушісі Мәриям Дуанбек сөз сөйледі. Оның айтуынша, Жаңа Конституция жобасы білім беру, ғылым және жастардың өзін-өзі дамытуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Оқи отырыңыз: Алматыда кәсіпкерлікті қолдау және дамыту шаралары талқыланды