Алматы әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, сондай-ақ қала аудандарындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы мәселелері қаралған кеңес өткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жиында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов баяндама жасады.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Алматы «Күтілетін өмір сүру ұзақтығы» негізгі ұлттық индикаторы бойынша өңірлер арасында ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жалпы өлім-жітім деңгейі 7,7%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 34,3%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 40,9%-ға төмендеді. Ана өлімі тіркелген жоқ. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары технологиялық медициналық қызметтердің көлемі екі есеге жуық артты.
Сонымен қатар Дархан Сатыбалды жүйелі шешімді қажет ететін бірқатар мәселеге назар аударды. Қала басшысы мемлекеттік медициналық ұйымдардағы маман тапшылығының сақталып отырғанын, сондай-ақ компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография және зертханалық зерттеулерден өту үшін күту мерзімінің ұзақтығы азаматтардың жеке медициналық ұйымдарға жүгінуінің артуына себеп болып отырғанын атап өтті.
«Әрбір тұрғын сапалы медициналық көмекке тең дәрежеде қол жеткізуге тиіс. Бұл біздің басты міндетіміз», – деді әкім.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына маман тапшылығын жою және мемлекеттік медициналық ұйымдардағы диагностикалық қызметті күту мерзімін қысқарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Қала аудандарының әкімдері құрылыс нысандарының қазіргі жай-күйі, проблемалық мәселелер және жобаларды жүзеге асыру мерзімдерінің кешігу себептері туралы баяндады. Қала басшысы жұмыстардың барысы туралы шынайы ақпарат беруді және мерзімдердің бұзылу қаупі бар әрбір нысан бойынша нақты шара қабылдауды талап етті.
«Бұл кеңес нақты шешімдер қабылдау үшін өткізіліп отыр. Әрбір проблемалық нысан бойынша мәселені ашық әрі нақты айту қажет», – деді Дархан Сатыбалды.
Аудан әкімдеріне, Құрылыс басқармасына және Энергетика және сумен жабдықтау басқармасына қазіргі құрылыс маусымы аясында құрылыс-монтаж жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Оқи отырыңыз: Алматыда алты түркі елінің жастары бас қосты