Алматы кәсіпорындары энергетикалық секторды цифрландыруға үлес қосуда

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қаладағы энергия ресурстарын есепке алу құралдарын өндіретін кәсіпорындардың жұмысымен танысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қаладағы энергия ресурстарын есепке алу құралдарын өндіретін кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Жұмыс сапары барысында энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыруда отандық тауар өндірушілерді қолдаудың маңыздылығы талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Делегация алдымен NERO компаниялар тобының өндіріс орнына барды. Аталмыш кәсіпорын – «Алатау» арнайы экономикалық аймағының резиденті. Зауыт жылына электр энергиясын есепке алу аспабының 1,2 млн, судың 1 жарым млн, газдың 1 млн және жылу энергиясын есепке алу құрылғыларының 25 мыңға жуық данасын өндіруге қауқарлы. 150 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның өндіріс көлемі былтыр 20 млрд теңгеге жеткен. Ал жергілікті қамту деңгейі 70%-ға жуықтаған.

«Біздің құралдардың басты ерекшелігі – барлығы деректерді қашықтан жеткізу жүйесімен жабдықталған, оларды «ақылды есептегіштер» деп те айтады. Олар тұтыну көлемін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Бұл технология тариф қалыптастыру үдерісіне әсер етуі мүмкін» – деді компанияның директоры Ерлан Нәбиев.

Аралау тобы SAIMAN корпорациясының жұмысымен де танысты. Қазір кәсіпорын жылына электр энергиясын есепке алу аспабының 800 мыңға тарта, судың 600 мың, газдың 300 мың және жылу есептегішінің 8 мыңға жуық данасын шығарады. Мұнда 200-ден аса адам еңбек етеді. Өндірілетін барлық өнім отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген және қажетті сертификаттарға ие.

«Қазіргі таңда 500-ге жуық құрылғыны жүзеге асырады. Ол электр құрылғылары,су санауыштары, газ санауыштары және жылу санауыштарын шығарамыз. Тек ғана құрылғыларды шығарып ғана қоймай, кешенді сервис көрсетеміз. Біздің өзіміздің юағдарламалық кешен бар. Сол бағдарламалық кешен арқасында біз әрбір ақылды құрылғыдан мәліметтерді жинап, оны ұлттық, мемлекеттік дәрежеде үлкен системаға жинауға мүмкіндік береді», – деді компания директорының орынбасары Қуаныш Зікірбаев.

Кездесу барысында зауыттардың «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасына қатысуы, өндірісті кеңейту, жергіліктендіру деңгейін арттыру және инженерлік кадрларды даярлау мәселелері пысықталды. Сондай-ақ екі кәсіпорында да заманауи цифрлық әрі «ақылды» технологиялар кеңінен қолданылады.

Олжас Омарбек, Ялкунжан Әшімжанов, Ханкелді Ахметханов

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров