Қала әкімі мұндай қабылдаулардың тұрғындарды тікелей тыңдап, олардың өтініштеріне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті
AMANAT партиясының қалалық филиалында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесуде қала тұрғындары абаттандыру, көлік инфрақұрылымы, қоғамдық қауіпсіздік, сумен жабдықтау, тұрғын үй құрылысы және аға буынды қолдау мәселелерін көтерді.
Қала әкімі мұндай қабылдаулардың тұрғындарды тікелей тыңдап, олардың өтініштеріне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Азаматтар көтеріп отырған мәселелер – әрбір алматылықтың өмір сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты. Барлық өтініштер бақылауға алынды, әрқайсысы бойынша нақты шешім қабылданады», – деді Дархан Сатыбалды.
Қабылдау қорытындысы бойынша нақты шаралар қабылданып, тиісті тапсырмалар берілді.
Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында қосымша жол белгілері мен бейнебақылау камералары орнатылады. Сондай-ақ тұрғын үй кешенінің құрылысының заңдылығына тексеру жүргізу жоспарланған. Электрмен жабдықтау мәселелерін зерделеу үшін мамандар жергілікті жерде тексеріс жасайды.
Азаматтарды жеке қабылдау AMANAT партиясының қолдауымен тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мақсат – қала тұрғындары мен атқарушы органдар арасында ашық диалог орнатып, өзекті мәселелерді жедел шешу.
Оқи отырыңыз: Тұрғындар шағымданған нысандар: Алматы қалалық мәслихат депутаттары тексеріс жүргізуді бастады