Алматы көшелеріндегі жиектастардың 5 пайызы жаңартылады

23.07.2025 19:33

Биыл 367 көшедегі 300 шақырым жолды қалыпқа келтіру көзделген

Биыл орташа жөндеу кезінде Алматыдағы жиектастардың шамамен 5 пайызы ғана жаңартылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаз келгелі Алматыда орташа жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл 367 көшедегі 300 шақырым жолды қалыпқа келтіру көзделген. Жоба аясында жол-көлік оқиғасының салдарынан, коммуналдық техниканың әсерінен бұзылған жиектастарды ауыстыру жоспарланыпты. Ал іске жарамдыларының деңгейін дұрыстау ойластырылған.

«Жөндеу жұмыстары басталғанда түсінбестік туындап қалатыны рас. Көпшілік істің неліктен жүргізіліп жатқанын сұрайды. Осы тұста айта кетейін, жиектастарға қатысты жұмыс жеке дара орындалмайды. Олар көшелерді орташа жөндеу кезінде ғана қайта дұрысталады. Яғни бүлінгендері ауыстырылады, жарамдылары орнына қайта қойылады. Ал мұндай жұмыстар, өздеріңіз білетіндей, жыл сайын жүргізіледі. Оның барлығы жол сапасын жақсартуға бағытталған», – деді Мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Асан Бостанов.

Айтылғандай-ақ, бүгінде жөндеуден өткен қаланың көп көшесінде жаңа жиектас аз. Себебі ескілері әлі де кәдеге жарайды. Оған жақында ғана қалпына келтірілген Майлин көшесі дәлел. Атап өтерлігі, мұнда 2,7 шақырым жолға асфальт та төселген.

Мөңке би көшесінің бойында да іс қызып тұр. Мұнда орташа жөндеу жұмысы сапалы болу үшін ең алдымен жиектастарға қатысты істің барлығы толығымен орындалып жатыр. Жұмысшылар мынадай қоспаның көмегімен олардың өлшемін нақтылап, деңгейін дұрыстап жатыр. Байқасаңыздар ескі жиектастар да қайта қолданылып жатыр. Неге десеңіз, олардың жарамдылық мерзімі әлі аяқталмаған. Ал бұзылғандары, мүжілгендері кездессе, бірден жаңасына алмастырылады.

«Мөңке би көшесінде Фариза Оңғарсынова көшесінен бастап Әзірбайжан Мәмбетов көшесіне дейін 2,3 шақырымды құрайтын аралықта орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жиектастарды түзету жұмыстары жүргізілуде», – деді Мобилділік басқармасы көше-жол торабын дамыту бөлімінің бас маманы Өтеген Өмірзақ.

Биыл Тілендиев көшесінің Жандосов пен Сәтпаев аралығындағы бөлігі де жөнделеді. Жоба аясында жол жабындысы жаңарып, бүлінген жиектастары алмастырылмақ. 

«Орташа жөндеу жұмысын жасап жатырмыз. Жұмыстың 30 пайызын орындадық. 1,6 шақырым асфальтты кесіп, жаңадан төселді. Жұмыс 1 айдың ішінде аяқталады», – деді учаске басшысы Данияр Нұрпейісов.

Мамандар «жол жөндеу кезінде жарамды жиектасты қайта қолдану — ресурсты үнемдеуге әрі бюджетке түсетін салмақты азайтуға көмектеседі» дейді. Ал тұрғындар үшін жолдың қауіпсіз әрі ыңғайлы болуы басты талап екенін ескерсек, сапаның қатаң бақыланатынын да ұмытпаған жөн.

 Рүстем Айткәрім, Думан Дәлетбақұлы

Оқи отырыңыз: Инженерлік инфрақұрылым: Түрксіб ауданында жаңғырту ісі қалай жүзеге асуда