Алматыда этномәдени туризмнің жаңа үлгісі – «Қазақтың тойлы кеші» жобасы таныстырылады

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Халықаралық туристік бизнес өкілдері де жаңа бағыттың келешегі зор екенін атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда шетелдік қонақтар арасында қазақтың ұлттық дәстүрін кеңінен насихаттауға бағытталған «Қазақтың тойлы кеші» атты жаңа туристік жоба іске қосылуға дайындалып жатыр. Жоба аясында қазақтың үйлену тойына тән салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға негізделген мәдени-ойын-сауық кештерін өткізу көзделген,деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа формат туристерге Қазақстанның мәдени мұрасымен музыка, ұлттық тағамдар, салт-дәстүрлер мен қонақжайлық рәсімдері арқылы танысуға мүмкіндік береді.

Бағдарламада беташар және сәлем салу дәстүрін сахналық қойылым түрінде көрсету, құдаларды қарсы алу салтымен таныстыру, фольклорлық ұжымдардың өнер көрсетуі, ұлттық би мен қазақ тағамдарынан дәм тату қарастырылған. Сондай-ақ ұлттық киім, саятшылық өнер және қазақтың тазы тұқымды иттерімен таныстыру сияқты ұлттық мәдениет құрылымдарына ерекше көңіл бөлінеді.

«Шетелдік туристердің Қазақстанның мәдениеті мен дәстүріне деген қызығушылығы артып келе жатқанын байқап отырмыз. Дегенмен ұлттық салт-дәстүрлеріміздің көбі олар үшін әлі де беймәлім. «Қазақтың тойлы кеші» жобасы қазақ мәдениетінің бай мұрасын түсінікті әрі қызықты форматта таныстыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – қонақтарды салт-дәстүрлермен таныстырып қана қоймай, олардың Қазақстан туралы жарқын әсер қалдыратын мәдени іс-шараға тікелей қатысуына жағдай жасау», – деді Resident Hotels қонақ үйлер желісінің директоры Серік Молданбаев.

Халықаралық туристік бизнес өкілдері де жаңа бағыттың келешегі зор екенін атап өтеді.

«Біз Үндістан, Оңтүстік Корея, Малайзия, Таиланд, Польша, Германия және БАӘ сияқты 13 елден келетін туристердің Алматыға сапарын ұйымдастырамыз. Бүгінде саяхатшылар табиғи көрікті жерлермен ғана емес, елдің төл мәдениетімен де жақынырақ танысуға ұмтылады. Мұндай жобалар туристік бағдарламаларды түрлендіріп, қонақтарға қазақтың салт-дәстүрлерімен танысудың бірегей мүмкіндігін ұсынады», – деді туроператор Вишал Джайн.

Осындай бастамаларды дамыту Алматының туристік мүмкіндіктерін кеңейтіп, туристерді қызықтыратын жаңа орын мен бағыт қалыптастыруға және шетелдік саяхатшылардың Қазақстанның ұлттық мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
 
2025 жылы Алматыға 754 мың шетелдік турист келсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 800 мыңнан асады деп болжанып отыр. Қалаға келетін туристер санының артуы этномәдени жобаларды дамытып, туристерге ұсынылатын бағыттар мен қызмет түрлерін кеңейтудің маңызын арттыра түседі.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Дала дәмі» республикалық акциясы аясында демалыс күнгі жәрмеңкелер өтеді