Алматыда ұлттық дәстүр мен шығармашылық жәрмеңкесі ашылды
Жәрмеңке 1 қарашаға дейін жалғасады
31 қазанда Алматыда қазақтың дәстүрлі қолөнерін, заманауи өнер мен отандық шеберлердің шығармашылығын біріктірген қолөнершілер жәрмеңкесі ашылды. Екі күн бойы «Атакент» көрме орталығында келушілер ұлттық қолөнер түрімен танысып, авторлық бұйымдарды тамашалап, шеберлік сағаттарына қатыса алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көрмеде зергерлік әшекейлер, былғарыдан, киізден және қыштан жасалған бұйымдар, ұлттық тұрмыстық заттар мен заманауи дизайнерлік туындылар ұсынылған. Сондай-ақ қонақтар бұйымдардың жасалу барысын тамашалап, дәстүрлі қолөнер әдістерін меңгеріп, өзін қолөнерші ретінде сынап көре алады.
Жәрмеңкеге қатысушылар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәжірибе мен білімді сақтай отырып, сәндік-қолданбалы өнердің түрлі бағыттарын таныстырады.
Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Есжанова қолөнер елдің мәдени мұрасының маңызды бөлігі әрі туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Қолдан жасалған әрбір бұйымның артында шебердің еңбегі, таланты және ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі жатыр. Біздің міндетіміз – осы дәстүрді сақтап қана қоймай, қолөнердің дамуына, жаңа нарыққа шығуына және Алматы тұрғындары мен қонақтары арасында сұранысқа ие болуына жағдай жасау. Осындай іс-шаралар мәдениетіміздің байлығын танытуға және ата-баба кәсібін жалғастырып жүрген шеберлерді қолдауға мүмкіндік береді», – деді Ақмарал Есжанова.
Бүгінде Алматының креативті индустрия саласында 21 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Мұндай іс-шараларды өткізу қолөнершілерге сатып алушылар табуға, іскерлік байланыс орнатуға және өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Жәрмеңкеге Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің (World Crafts Council) өкілдері де қатысып жатыр. Олардың қатысуы кәсіби тәжірибе алмасуға және халықаралық байланысты дамытуға мүмкіндік береді.
Жәрмеңке 1 қарашаға дейін жалғасады. Келушілер өздеріне ұнаған бұйымдарды тікелей авторларынан сатып ала алады.
Өтетін орны: «Атакент» көрме орталығының «Бақшасарай» алаңы, Тимирязев көшесі, 42, 1-корпус.
Жұмыс уақыты: 09:00-ден 18:00-ге дейін. Кіру тегін.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесті