Жанат Айтілеудің айтуынша, Бас жоспар бұл қаланың қазіргі ахуалын көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге қалалық ортаны ұзақмерзімді реттеудің де құралы
Алматының Бас жоспарын түзету – мегаполисті жаңғыртудың маңызды кезеңдерінің бірі. Қаланың өсу қарқыны қала құрылысы шешімдерін уақытылы жаңартуды талап етеді. Алайда түзетулердің басты себебі Мемлекет басшысының таулы аймақтарда құрылыс салуға тыйым салу жөніндегі тапсырмасы болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еліміздің құрметті сәулетшісі Жанат Айтілеудің айтуынша, Бас жоспар бұл қаланың қазіргі ахуалын көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге қалалық ортаны ұзақмерзімді реттеудің де құралы.
«Тау бөктерінде құрылыс жүргізуге шектеу қою мегаполистің өсу моделін өзгертіп, қала құрылысы параметрлерін қайта қарауды талап етеді. Бұл аймақ – өмір сапасын айқындайтын табиғи ресурс. Президент тапсырмасы жаңа қала құрылысы саясатының іргетасына айналып отыр. Бас жоспарды қайта қарау қаланың дамуын неғұрлым тұрақты арнаға бұрып, табиғи жүйені сақтау және халық санының бұрынғы болжамдардан асып түсуін ескеру үшін қажет. Бұл түзету білім, медицина, тұрғын үй салаларындағы қажеттілікті нақтылауды, сондай-ақ көлік инфрақұрылымының қабілетін қайта есептеуді қамтиды», – деді сарапшы.
Ол Алматыдағы көлік жүктемесі әлі де басты мәселелердің бірі екенін жеткізді. Сондықтан жаңартылған Бас жоспар қоғамдық көлікті дамытуға, соның ішінде тығыз құрылысы бар немесе рельефке байланысты жолды кеңейту мүмкін емес жерлерде аспалы жол сынды инновациялық шешімдерге ерекше назар аударады.
Сонымен қатар, Бас жоспарды түзету жобасында саябақтардан бастап скверлерге дейін толыққанды жасыл аймақтар желісін қалыптастыру көзделген. Мақсат — халықты жасыл желекпен қамтамасыз ету бойынша халықаралық стандарттарға (бір адамға кемінде 16 м²) жақындау.
«Бас жоспарды түзету көлік пен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, стратегиялық мемлекеттік басымдықтарды іске асыруға, жайлы, қауіпсіз әрі экологиялық қала қалыптастыруға негіз болады. Бұл Алматыны үйлесімді, жасыл әрі заманауи қалаға айналдыру мүмкіндігі. Ең бастысы, бекітілген стратегияны жүйелі түрде жүзеге асыру», – деді Жанат Айтілеу.
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді