Алматылықтар Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасап жатыр
Алматыда дауыс беру қарқынды жүріп жатыр. Құрылтай сайлауында 14 мыңға жуық жас алғаш рет өз таңдауын жасайды. Сондай-ақ саяси науқанға 52 мыңнан астам студент қатысады деп жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Учаскелерге алғашқылардың бірі болып келген тұрғындарға естелік сыйлықтар да табысталып жатыр. Атап айтқанда, бірінші, оныншы және жүзінші болып дауыс берген азаматтарға арнайы кәдесый беріледі.
Алмалы ауданына қарасты №64 сайлау учаскесінде таңғы сағат 7.00-де мемлекеттік әнұран шырқалып, саяси науқан ресми түрде басталды. Әнұраннан кейін алғашқы сайлаушылар өз таңдауын жасауға кірісті.
Таңсәріден тұрғындардың белсенділігі байқалып, учаскеге ағылған жұрт қарасы қалың. Дәл осы учаскеде 2085 адам дауыс беруге құқылы. Оның 20-сы биыл алғаш рет өз таңдауын жасайды. Ал жастардың үлесі – 30 пайыз.
Қазір дауыс беру белгіленген тәртіпке сай жалғасып жатыр. Учаскеге өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін де арнайы мүмкіндік қарастырылған.
Айта кетейік, №64 сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман дауыс берді. Ол Құрылтай атауының ұлттық тарихымызбен сабақтасып жатқанын айтып, бүгінгі саяси науқанның маңызына ерекше тоқталды. Елдің бірлігі нығайып, басталған іс берекелі болсын деп ақ батасын берді. Азаматтық белсенділік танытқан қоғам қайраткеріне учаске өкілдері де құрмет көрсетіп, орамал тарту етті.
«Бұл Құрылтайдың жөні бөлек. Өйткені Құрылтайды сонау ата-бабамыздан ең маңызды-маңызды деген мәселелерді шешуге келгенде тұлғалардың басын қосып, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешу үшін жиналып, басты жиыны еткен. Ал бүгінгі мемлекет басшысының Құрылтай деп атағанына мен ерекше ризашылығымды білдіремін. Өйткені Құрылтай өткен ата-бабаларамыздан келе жатқан ұлы дәстүрдің жалғасы», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.
Айта кетейік, жалпы қай учаскеде дауыс беретініңізді білмесеңіз, 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады. Ол жерде 20 маман тұрғындардың сауалына жауап беріп, сайлау учаскесінің мекенжайына қатысты қажетті ақпаратты ұсынады.
Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы халықаралық байқаушылардың назарында