Елдегі сайлау науқанына шетелдік байқаушылардың қызығушылығы жоғары
Құрылтай сайлауының ашық әрі әділ өтуін шетелдік байқаушылар назарда ұстап отыр. Дауыс беру барысын қадағалауға 777 шетелдік байқаушы жұмылдырылды. Оның 617-сі 13 халықаралық ұйымның атынан келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елдегі сайлау науқанына шетелдік байқаушылардың қызығушылығы жоғары. Бүгін 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйым өкілдері дауыс беру процесінің ашық әрі әділ өтуін бақылауға кірісіп кетті. Олардың қатарында 41 елдің парламенттерінен келген 138 депутат бар. Құрылтай сайлауы халықаралық қауымдастықтың да жіті назарында.
«Халықаралық байқаушылардың қатысуы сайлау науқанының ашықтығы мен жариялылығына, мемлекет тарапынан халықаралық міндеттемелердің сақталуына ықпал ететінін тағы да атап өткім келеді. Және бұл біздің халықаралық міндеттемелерге бейілділігіміздің, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттермен сайлау саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруымыздың бірден-бір дәлелі», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Бұдан бөлек, саяси науқанды 22 мемлекеттің Орталық сайлау органдарының өкілдері бақылап жүр. Олардың қатарында 11 сайлау комиссиясының төрағасы бар. Сарапшылардың айтуынша, байқаушылардың жұмысы жауапты әрі ауқымды болмақ.
«Байқаушының қызметі қатаң регламенттелген. Яғни, қандай да бір еркін шешім қабылдауға мүмкіндік беретін, заңда қарастырылмаған әрекеттерге жол ашатын жағдайларды болдырмау керек. Бұл байқаушының өзіне де, басқа органдарға да пайдалы. Неге? Өйткені бақылаушының қолында нұсқаулық сияқты нақты ережелері болады. Ол өзінің құқықтары мен міндеттерін біледі және белгілі бір жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсінеді», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Дидар Тебаев.
Бұдан бөлек, сайлауға шетелдік журналистер де ерекше назар аударып отыр. 29 елден аккредиттелген 38 журналист дауыс беру барысын бақылап, өз елдеріндегі ақпарат құралдары арқылы жаңалық таратуда.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы: шет елдерде 79 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр