Төртеуі ғана талапқа сай болып шықты: Алматыда жазғы лагерлер тексерілді

Қала сыртындағы демалыс орындарында орын тапшылығына байланысты тек 3 мың бала демала алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елдің әр аймағында жазғы балалар лагерлері жұмысын бастады. Десек те, көңілі алаң ата-аналардың көкейінде ой да, уайым да көп. Себебі, перзентін демалысқа жалғыз жіберетіндіктен, олардың қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Үйден жырақта жүрген жеткіншекке кім бас-көз болады? Тынығу орындарында санитарлық талаптар сақталған ба? Ереже қалай қадағаланады? Бұл сұрақтарға мониторингтік комиссиямен бірлесе лагерлерді тексеріп қайтқан деп хабарлайды Аlmaty TV тілшісі жауап іздеп қайтқан еді.  

Алматыда биыл жазғы лагерлерде демалу маусымы жылдағыдан кейінірек басталды. Өйткені білім басқармасы демалыс орындарын іріктеу үшін 30 сәуірде байқау ұйымдастырған. Дегенмен, конкурсқа қатысқан бес компания да талапқа сай болмапты. Сол себепті, арнайы топ құрылып, қала сыртындағы 10 сауықтыру кешеніне тексеріс жүргізілді.

«Барып көрейік деп бір лагерьге бардық. Барсақ, ол жерде балаларға ешқандай жағдай жасалмаған екен. Бір ғана бассейн бар, оның өзі талапқа мүлде сай емес. Балалар демалатын орын емес»», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Кенже Гүләлиева.

«Бірінші барған лагерь қауіпсіздікті мүлдем елемеген сияқты. Жан-жағында қоршау жоқ. Қураған шөп пен құлаған ағаш көп. Қалған 2 лагерь өте жақсы. Таза, демалуға жайлы. Балалардың дамуына бар жағдай бар», - деді Алматы қаласының тұрғыны Татьяна Гостищева.

Балалар лагеріне қойылатын талап қатаң. Аймақ толық қоршалып, бейнебақылау камералары орнатылып, өрт қауіпсіздігі сақталып, медициналық пунктер жұмыс істеуі тиіс. Ең бастысы – санитарлық ереже сақталуы қажет. Атап өтерлігі, демалуға келген оқушылар күніне 5 уақыт тамақтанады. Комиссия мүшелері бұл талапты барлық мекеме бірдей сақтай бермейтінін анықтаған.

«Лагерьді ашпас бұрын барлық тексерістен өттік. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды шығарылды. Бұл құжатты сараптама нәтижесін өткізгеннен кейін алдық. Яғни, бассейн, су құрамы бәрі-бәрі талапқа сай», - деді Балаларды сауықтыру лагерінің директоры Жанар Қуатбекова.

Мониторинг нәтижесінде кейбір нысандардың жоғары деңгейде қызмет көрсетіп жатқаны байқалса, енді бірінен олқылық табылды. Санитарлық норманы бұзғандар мен қауіпсіздік қоршауын қоймағандарға ескерту беріліп, тиісті ұсыныстар жолданды. Атап өтерлігі, тексеріс кезінде ережені сақтаған 2 лагерь көзге түсті. Олар пайдалы ас мәзірін әзірлеуге, бос уақытты тиімді өткізуге сақадай сай. Тәрбиешілер мен медицина қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікке шығатын бұл демалыс орындарын комиссия мүшелері оң бағалады.

«Біз қала сыртындағы 10 лагерьді тексердік. Әрқайсының жағдайын көріп шықтық. Жалпы, талапқа сай деп танылған төртеуін бекіттік. Қалғандарына сәйкесінше ұсыныстар жолданды. Бірақ көбі кері байланысқа шықпады. Кейбір демалыс орнын комиссия қауіпті деп таныды. Сондықтан олар сала мамандарының шешіміне құлақ түрсе екен дейміз», - деді қоғамдық кеңес мүшесі Рафаэль Гасанов.

Алматыда 350 мыңнан астам оқушы бар. Қала сыртындағы демалыс орындарында орын тапшылығына байланысты тек 3 мың бала демала алады. Қалғаны мектеп ішіндегі лагерлерде уақыт өткізеді. Ал әлеуметтік осал топтағы жеткіншектер мен ерекше күтімді қажет ететін білім алушыларға ерекше назар аударылған және тегін жолдамалар да қарастырылған.

Рүстем Айткәрім, Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда көшкін жүруі мүмкін учаскелердегі қауіпті жою шаралары талқыланды

Новости партнеров