Алматыда 50 мыңнан астам адам жалпықалалық сенбілікке қатысты

Іс-шара Қала күні мен Дүниежүзілік тазалық күніне орай өткізілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Дүниежүзілік тазалық күні мен Қала күніне орай ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Экологиялық акцияға 50 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қаланың барлық ауданында ұйымдастырылды.

Негізгі алаңдардың бірі «Аюсай» визит орталығы болды. Мұнда мыңнан астам адам жиналды. Сенбілікке Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды да қосылды. Ол тұрғындармен, жастармен, еріктілермен және қалалық қызмет өкілдерімен бірге көшет отырғызуға қатысты. «Аюсай» аумағына 100 қылқан жапырақты ағаш, оның ішінде 50 қарағай мен 50 шырша егілді.

«Қала күнімен құттықтаймын. Мен – Алматының символы барыс, тазалыққа қатысып отырмын және қаламызды таза ұстайық», – деді қала тұрғыны Темірлан Алмасұлы.

Тазалық жұмыстары бір мезетте қаланың барлық аумағында жүргізілді. Сенбілікке қатысушылар саябақтар мен скверлерді, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді, демалыс орындарын ретке келтірді. Сенбілік аясында Алматыда 1 мыңнан астам ағаш егілді. Игі іске студенттер, еріктілер, қоғамдық ұйымдар, коммуналдық қызметтер, кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлері атсалысты.

Қала күніне орай алма киімін киіп, Алматы көшелерінде алма тараттым. Халықтың көңіл күйін көтеру мақсатында бірнеше сұрақ қойып, дұрыс жауап берген жанға алманы тарту еттік. Бүгін Аюсай шатқалында халықпен бірге тазалық іс-шарасына атсалысудамыз. Алматы – әсем қала. Гүлдене берсін!» – деді қала тұрғыны Арайлым Ермағамбетқызы.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, күнделікті өмір салтының бір бөлігіне айналуы керек.

«Қазақ «Іс істегендікі емес, істете білгендікі», дейді ғой. Ұйымдастырып істете білу – өнімді. Ұйымдастырған, ұйыстыра білген ұтады», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.

Қала күнімен тұспа-тұс келген Дүниежүзілік тазалық күні мерекелік және экологиялық бастамаларды біріктірді. Ондаған мың алматылық қала мен оның жасыл аумағын көркейтуге үлес қосты.

Оқи отырыңыз: «Алматыны аяла!»: 50 жастан асқан әуесқой өнерпаздар сахна төрінде