Алматыда 92 мың жұмыс орны ашылды

Almaty.tv
Almaty.tv

2025 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасының аясында 600-ден аса көпбалалы ана білім алған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрғандарға қолайлы орта қалыптастыру қашанда маңызды. Бұл міндет Алматы қаласында жүйелі түрде орындалып келеді. Биыл 92 мың жұмыс орны ашылған. Ал орташа жалақы мөлшері 539 мың теңгеге жетіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық ағайынды алаңдатқан мәселенің бірі – тозығы жеткен инженерлік инфрақұрылым жүйе. Көптің уайымын сейілту үшін әкімдік өкілдері биыл 330 шақырым жаңа су құбырын салды. Одан бөлек, 281 көшенің жағдайын реттеп берді. Ал айналасы түрленіп, қалыпқа келген тұрғындарға 2025 жылы 11 комьюнити орталық және 4 «Нарко-STOP» кешені қызмет көрсете бастады. Сондай-ақ жауаптылар кәсіпкерлікке бет бұрған жұртқа да биыл айтарлықтай қолдау танытты. Олардың қатарында көпбалалы аналар да бар.

«Көпбалалы аналардың мәселесі 2019 жылы көп көтерілді. Сол кезде Алматыда елдегі алғашқы «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Ғимараттың ішінде көп ана кәсіпкерліктің алғышарттарын үйренді, бизнесті қалай құру керек екенін түсінді. Содан кейін олар «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы алғашқы грантын ала бастады», – деді қалалық мәслихат депутаты Сана Жандай.

2025 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасының аясында 600-ден аса көпбалалы ана оқудан өткен. Оның тең жартысына жуығы мемлекеттік грант иеленіп, ісін ілгерілеткен. Жұмысқа белсене кіріскен аналардың басым бөлігі шағын шеберхана мен студия ашып, наубайхана желісін жандандырып, ғылым-білімге арналған жобаларды дайындап жүр.

Одан бөлек, биыл шаһарда инклюзивті орта құру үшін біршама іс атқарылды. «Инватакси» қызметі жүйелендіріліп, көлік саны 170-ге дейін жеткен. Ал жыл басынан бері 1600-ден аса мүгедектігі бар адам қолдау алыпты. 300-ге жуығы тұрақты жұмыс тапқан.

«Сонымен қатар, қолайлы ортаны қалыптастыру мақсатында қалада жаңа нысандар салынбай тұрып, жобалық-сметалық құжаттамасына қарап отырып, бақылауды күшейтеміз. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлылық туындауы үшін Алматы қаласында алғаш рет аймақтық ережелер әзірленіп жатыр», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аманат Сұлтанғазиев.

Атап өтейік, биыл шаһарда жастарды қолдауға да айрықша назар аударылды. Жатақханаларда 8 мыңнан аса төсек орын жабдықталды. Ал «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 2 мың 200 пәтер берілді.

Бір сөзбен айтқанда, көптің тұрмысын түзеп, азаматтардың кәсіби тұрғыда дамуына мүмкіндік жасалып жатыр.

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда ауаны ластайтын нысандарға бақылау күшейтілді

Новости партнеров