Алматыда ауаны ластайтын нысандарға бақылау күшейтілді

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қалада қатты отын пайдаланатын 509 кәуапхана мен 81 коммерциялық монша анықталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша Алматы қаласының аумағында шекті рұқсат етілген шығарындылардың (ШРШ) жиынтық томын жасау барысында тағам дайындау мен жылыту үшін қатты отын пайдаланатын 509 қоғамдық тамақтану нысаны (кәуапхана) және 81 коммерциялық монша анықталды. Бұл туралы Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Басқарма өкілдері көппәтерлі тұрғын үйлерде және өзге де ғимараттарда орналасқан қоғамдық тамақтану нысандарында қатты отын пайдалануға қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес тыйым салынғанын еске салды. Сонымен қатар қала аумағында мангалдарды пайдалану және монша салу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы тіркеліп отыр. Бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, атмосфералық ауаның қосымша ластануына әкеледі.

Осыған байланысты 2025 жылы 27 қарашадан бастап «Eco Almaty» ЖШС қызметкерлері қатты отын пайдаланатын нысандарды бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Аталған жұмыс аясында 182 қоғамдық тамақтану нысанының иесімен және 39 монша иесімен газ жабдығына көшу, сондай-ақ шығарындыларды тазалау жүйелерін орнату қажеттілігі бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар 23 қоғамдық тамақтану нысанында көріктендіру қағидаларын бұзу фактілері анықталды.

Заңбұзушыларға қатысты Полиция департаментінің құзыреті аясында шаралар қабылданып, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ материалдар уәкілетті органдарға – Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне, Төтенше жағдайлар департаментіне (ТЖД) және Экология департаментіне жолданды.

Бұдан бөлек, Алматы қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті көзге көрінетін түтін шығарындыларымен қатар қызметіне байланысты 12 кәуапханаға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде 10 экологиялық құқық бұзушылық фактісі анықталып, 7 нұсқама берілді, 2 материал сотқа жолданды. Жалпы сомасы 1 887 360 теңге болатын 8 әкімшілік шара қолданылды.

Бақылау жұмыстары жалғасып келеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда демалыс күндері өтетін жәрмеңкелер үш күндік жұмыс форматына көшеді

Новости партнеров